Абу-Дабиде электрлі аэротакси қызметі іске қосылуға жақын

184
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OuY3u0MJJr13d4cPHiOPGJ3UFZX1vCpOxg0GPhlM.png

Фото: Archer

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде ұшатын такси қызметін іске қосу бағытындағы маңызды кезең басталды. Калифорниялық Archer Aviation компаниясы өзінің Midnight атты электрлі аэротаксиіне қатысты сынақтардың жаңа кезеңі БАӘ-де ресми түрде басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы компания желіге видео жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Midnight әуе кемесі шектеулі типтегі сертификат (RTC) алу бағдарламасына енгізілді. Бұл – БАӘ-нің азаматтық авиация саласындағы реттеуші органы General Civil Aviation Authority (GCAA) әзірлеген арнайы тәртіп. Аталған бағдарлама толық коммерциялық сертификаттауға дейін ұшу аппараттарына шектеулі режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сынақ рейстері алдымен ұшақтың техникалық мүмкіндіктерін, әсіресе Әмірліктердің аптап ыстық климатында жұмыс істеу қабілетін тексеруге бағытталған. Сонымен қатар, компания мамандары ықтимал әуе бағыттарын зерттеп, болашақ жолаушылар тәжірибесін бағалауда.

Жоба аясында Abu Dhabi Aviation Group пен Archer Aviation компаниялары ынтымақтастық орнатқан. Ұшатын таксилер Абу-Даби қаласы ішінде, сондай-ақ астана мен Dubai арасында қатынайды деп жоспарланып отыр.

Мысалы, Абу-Даби халықаралық әуежайынан әйгілі Emirates Palace қонақүйіне дейінгі жолды 5–8 минутта еңсеруге болады. Қазіргі таңда бұл бағытты автокөлікпен жүріп өтуге шамамен 45 минут қажет.

Midnight – тік ұшып-қону (eVTOL) технологиясына негізделген электрлі әуе кемесі. Ол бір ұшқыш пен төрт жолаушыны тасымалдай алады. Ұшу жылдамдығы сағатына 241 шақырымға дейін жетеді.

Ұшақ толықтай электр қуатымен жұмыс істейді және қысқа уақыт ішінде қайта қуатталып, бірнеше рейсті қатар орындауға бейімделген. Бұл оны экологиялық тұрғыдан тиімді әрі қалалық инфрақұрылымға икемді көлік құралына айналдырады.

2025 жылғы 8 қазанда Cleveland Clinic Abu Dhabi ауруханасы өз базасында БАӘ-дегі алғашқы вертипорт салу жоспарын жариялады. Бұл алаң шұғыл медициналық көмек көрсету және донорлық ағзаларды жедел тасымалдау мақсатында пайдаланылуы мүмкін.

Компания өкілдерінің айтуынша, Абу-Даби әлемдегі аэротакси қызметін алғашқылардың бірі болып коммерциялық түрде іске қосатын қалаға айналуы ықтимал. Бұл жоба сәтті жүзеге асса, Парсы шығанағы елдері үшін жаңа авиациялық хаб қалыптасуы мүмкін.

Әзірге ресми тариф бекітілген жоқ. Дегенмен, компания өкілдері бастапқы кезеңде бағалар премиум санаттағы қызмет деңгейінде болатынын мәлімдеді:

  • Абу-Даби ішінде – шамамен 300–350 дирхам;

  • Абу-Даби – Дубай бағыты – 800–1500 дирхам.

Уақыт өте келе қызмет ауқымы кеңейіп, тиімділік артқан сайын бағаны қарапайым такси деңгейіне дейін төмендету көзделіп отыр.

 

Комментарии