«ЖайықTazaRiver»: тазалық әрқайсымыздан басталады

200
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EQ1EHIi0fXNxB3wL49bF3eEhQ0IDeVJcJ1jrh6iH.jpg

Орал қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында «Таза Қазақстан» идеологемасы аясында «ЖайықTazaRiver» экологиялық акциясы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау ісіне қоғам назарын аудару және белсенді азаматтық ұстанымды дәріптеу.

Экологиялық акцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев қатысып, жастармен кездесу барысында қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Шараға өңірдің белсенді және танымал жастары қатысып, ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында экологиялық бастамаларды дамыту, жастардың қоғамдағы рөлі, волонтерлік қызметті кеңейту және жасыл ойлау мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар табиғатты қорғау тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.

Акция аясында жастар Жайық өзені бойымен кеме арқылы жүзіп өтіп, жағалауды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Жағалау аумағында еркін форматтағы басқосу өтіп, қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға қатысты өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев:

«Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жастарға “Таза Қазақстан” идеясын кеңінен түсіндіру және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Экологиялық мәдениет – ел болашағының сапасын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Осы бағыттағы жастар бастамаларын қолдау – біздің басты міндетіміз. Жыл басынан бері “Таза Қазақстан” акциясы аясында “Өзіңнен баста” челленджі қолға алынды. Челлендждің негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жанашырлық әрқайсымыздың өзімізден басталатынын түсіндіру», – деді.

Кездесу барысында жастар спикерлерге сұрақтар қойып, экологиялық волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар жобаларын қолдау және қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«ЖайықTazaRiver» акциясы жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды.

Комментарии