"АЭС-ті кім салса, әуе қорғаныс жүйесін де сол қамтамасыз етеді". Своиктің көксегені не?

485
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6BS6iPLWA4l2XAdR0BTOJ4QtTIXhGziiDDjsMjbl.jpg

Қазақстанда атом саласын дамыту стратегиясы аясында алғашқы АЭС құрылысына қатысты мәселелер қызу талқылануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Осы тақырыпта қазақстандық саясаткер әрі энергетика саласының сарапшысы Пётр Своик ҚазТАГ редакциясына өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, стратегияда «алғашқы АЭС құрылысы басталып кетті» деген тіркестің жазылуы кездейсоқ емес.

«Иә, мұндай тұжырымның пайда болуы заңды. Әрине, бұл жерде аздап асығыстық бар шығар, себебі бізде бюрократиялық пиарға бейімділік кездеседі. Бірақ қазірдің өзінде құрылысқа қажетті іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, геологиялық, геофизикалық, гидрологиялық және климатологиялық зерттеулер жасалуда. Мұның бәрі – құрылыс процесіне дайындықтың міндетті бөлігі. Сондықтан мұны құрылыстың бастапқы кезеңі деп атауға толық негіз бар», – деді Пётр Своик.

Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы АЭС құрылысы іс жүзінде Ресейдің Росатом компаниясына берілген деуге болады.

«Иә, бұл мәселе іс жүзінде шешіліп қойған сияқты. Соңғы уақытта АЭС төңірегіндегі барлық негізгі әрекеттер “Росатоммен” байланысты болды. Сондықтан жобаны жүзеге асыратын негізгі тарап ретінде Ресей қарастырылып отыр», – деді ол.

Сонымен қатар Своик Ресей экономикасындағы қазіргі жағдайға байланысты белгілі бір тәуекелдер бар екенін де айтты.

«Ресейде қазір экономикалық дағдарыс ресми түрде мойындалды. Экономика іс жүзінде өсуін тоқтатты, рецессия басталды. Бұл дағдарыс жаһандық жағдайдың бір бөлігі. Ресей Батыспен текетіресте болғанымен, қаржы-несие саясаты әлі де батыстық модель бойынша жұмыс істеп отыр. Соның салдарынан елде ішкі инвестициялық және қаржылық ресурс жеткіліксіз», – деді сарапшы.

Соған қарамастан, ол Мәскеу үшін Қазақстандағы АЭС жобасының маңызы өте жоғары екенін атап өтті

«Жалпы, Қазақстандағы АЭС құрылысы Ресей үшін бірнеше бағытта аса маңызды жоба. Сондықтан Ресей үкіметі де, “Росатом” да бұл бастаманың сәтсіздікке ұшырамауы үшін бар күшін салады деп ойлаймын. Егер жоба тоқтап қалса, бұл Ресейдің әлемдік атом энергетикасы нарығындағы халықаралық жоспарларына үлкен соққы болар еді. Сол себепті, меніңше, құрылысты бәрібір аяқтайды», – деді Пётр Своик.

Сұхбат барысында шағын модульдік реакторлар мәселесі де қозғалды. Сарапшы Қазақстанда мұндай технологияларды әзірге енгізу мүмкін емес екенін айтты.

«Жоқ, әзірге бұл мүмкін емес. Бірақ мұнда қызық бір жағдай бар. Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Мәскеуге жасағанда, Владимир Путин оған Балқаш маңында қуаты 1200 мегаваттық екі ірі атом блогынан тұратын АЭС салуды ұсынған еді. Алайда бұған дейін дәл осындай ұсыныс Өзбекстанға да жасалған болатын», – деді ол.

Своиктің айтуынша, кейін Ресей мен Өзбекстан шағын модульдік реакторлар жобасын да талқылаған.

«Кейін Мәскеу мен Ташкент алты шағын модульдік блок салу туралы келісті. Соңында екі шағын және екі ірі блок салу нұсқасына тоқтады. Қазір Өзбекстанда алғашқы блоктардың құрылысы жүріп жатыр, бетон құю жұмыстары басталып кеткен болуы да мүмкін. Демек, Ресей мен Қытайдан кейін шағын модульдік реакторлар пайда болатын әлемдегі үшінші мемлекет Өзбекстан болуы ықтимал», – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол атом электр станциясының қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.

«Қалай болғанда да, пайдалануға берілетін АЭС-пен бірге әуе қорғаныс жүйесі де қатар енгізіледі. Әдетте станцияны кім салса, сол тарап қорғаныс жүйесін де қамтамасыз етеді», – деді Пётр Своик.

Комментарии