Белгілі математик Санжар Аспандияров өмірден өтті

212
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pcNcRVWzO1hAzYTEAVtAvnZXVnp1xEKYGNZtRnKy.jpg

Белгілі ғалым, халықаралық деңгейдегі қаржыгер Санжар Аспандияров 59 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1968 жылдың 10 ақпанында дүниеге келген. Атасы Біләл Аспандияров тарихшы, лингвист және ағартушы болып, өмірін білімді сақтау мен оны ұрпаққа жеткізуге арнаған. Әкесі Серік Аспандияров — физик-ғалым, жоғары қысымды алмаз камерасының жасаушысы, ғылымға қосқан үлесі Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танылған тұлға.

Танымал математик Алматы қаласындағы №56 орта мектепті он төрт жасында бітіріп, белгілі педагог Архимед Ысқақовтың сыныбында оқыған. Он бес жасында-ақ оның жас математик ретіндегі қабілеті туралы деректі фильм түсірілген. Жоғары білімді ол М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде алып, оны үздік бітірген. Одан кейін оқуын Францияда, École normale supérieure докторантурасында жалғастырып, Сорбоннада докторлық диссертация қорғаған алғашқы қазақ болды. Диссертациясын қорғағаннан кейін ол Сорбоннада оқытушылық қызметте қалып, осы университетте дәріс оқыған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.

Жапония, Франция және Қытайдың мемлекеттік стипендиялық бағдарламаларының иегері ретінде Санжар Аспандияров Жапония, Еуропа және Американың жетекші университеттерінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды. Ол бес тілді еркін меңгерген.

Санжар Аспандияровтың аналитикалық және стратегиялық қабілеті қаржы саласында толық ашылды. Ол Лондондағы Credit Suisse және Citigroup компанияларында, сондай-ақ он жылдан астам уақыт бойы Barclays Capital банкінде жұмыс істеді.

Комментарии