Арыс қаласында халықаралық деңгейдегі жетекші серіктес – француздық Alstom компаниясының электровоздарға арналған жаңа сервистік депосының құрылысы жүргізілуде. Жоба қаланың маңызды теміржол торабы ретіндегі стратегиялық әлеуетін арттырып, өңірдегі көлік-логистика саласының дамуына серпін береді.
Осыған орай, мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған таныстыру сапары ұйымдастырылып, Арыс қаласындағы жаңа депо құрылысының барысы таныстырылды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі жоғары Мәртебелі Сильван Гиоге, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, сондай-ақ Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен салалық мекемелердің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі орынбасары Ертай Алтаев жобаның өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл жоба – Арыс қаласының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңіріміздің жаңа даму кезеңіне жол ашатын маңызды бастама. Халықаралық серіктестермен бірлескен мұндай жобалар – қала экономикасын әртараптандырудың нақты көрінісі. Ең бастысы, бұл бастама жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді және жас мамандардың кәсіби дамуына жол ашады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Іс-шара барысында Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Сильван Гиоге мырза сөз сөйлеп, Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды:
– Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның айқын дәлелі – Alstom компаниясының Қазақстанда жүзеге асырып жатқан жобалары. Арыс қаласындағы бұл сервистік депо екі ел арасындағы сенім мен ұзақ мерзімді серіктестіктің нақты көрінісі болып табылады. Мұндай жобалар тек экономикаға ғана емес, өңірлік дамуға да үлкен серпін береді, – деді мәртебелі елші.
Сондай-ақ іс-шара барысында жобаның сәтті жүзеге асу барысын айқындайтын ескерткіш тақта ресми ашылуы өтті.

Жаңа нысан Alstom компаниясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылуда. Арыс қаласындағы депо – еліміз бойынша салынатын төрт сервистік орталықтың бірі.
Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдегі заманауи теміржол сервистік депоға айналып, электровоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізетін негізгі өндірістік орталық ретінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жаңа нысан ай сайын 120 локомотив секциясына дейін, жылына 1440 секцияға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба локомотивтердің техникалық дайындығын арттырып, ішкі және халықаралық бағыттардағы теміржол тасымалының тиімділігі мен сенімділігін күшейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ, Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы стратегиялық орналасуы жаңа депоның өңірлік қызмет көрсету хабы ретіндегі маңызын арттыра түседі. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында еліміз бойынша өңірлік қызмет көрсету орталықтарын дамытуға бағытталған 50 миллион еуро көлеміндегі инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде республика көлемінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сапар барысында қонақтарға құрылыс жұмыстарының барысы таныстырылып, болашақ депоның негізгі мүмкіндіктері мен енгізілетін заманауи технологиялық шешімдер жөнінде ақпарат берілді.
День 1 экспедиции «Балуан тас сапары» по Туркестанской области прошёл в Сайрамском и Ордабасынском районах
