Өзбекстанда Volkswagen көліктерін құрастыратын зауыт іске қосылды

276
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BcP68Q1VCPTxE937KrUNXMTvQwk6cect882OjyyI.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Ташкентте Volkswagen автокөліктерін ірі тораптық құрастыру әдісімен өндіруді іске қосты. Бұл туралы Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Автозауыттан бөлек, Әндіжан облысында логистикалық орталықтың құрылысы, сұйық тұрмыстық жуу құралдарын өндіру, теміржол саласына мамандар даярлау және заманауи емтихан орталықтарын ашу жобалары да іске қосылған.

Жобалар екі елдің ресми делегациялары қатысқан шағын және кеңейтілген құрамдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында басталған. Тараптар Өзбекстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, саяси диалогты нығайту және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылаған. Мирзиёев Штайнмайердің Еуроодақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы сауда-инвестициялық ынтымақтастық болды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд доллардан асты, ал биылғы жылдың басынан бері тағы 5%-ға өскен. 2025 жылы Германияның Өзбекстан экономикасына салған инвестиция көлемі 2 млрд долларға жетті. Мамыр айында Ташкентте өткен Германия экономикасы күндері мен Германия–Өзбекстан іскерлік кеңесінің 10-отырысында 1 млрд доллардан астам инвестициялық және сауда келісімдері жасалды.

Президенттер өнеркәсіп, энергетика және «жасыл» экономика, көлік және логистика, тау-кен және тоқыма салалары, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық сақтау бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын растады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мирзиёев пен Штайнмайер бірлескен мәлімдемеге қол қойып, Өзбекстандағы тұрақты қалалық дамуға арналған жобаларды жүзеге асыру үшін гранттық және жеңілдетілген қаржыландыру туралы келісімдер жасалды. Кейін екі ел президенттері «Куксарой» резиденциясындағы Құрметті қонақтар аллеясында ағаш отырғызды.

Volkswagen мен «Узавтосаноат» компаниясының еншілес ұйымы Alyans Auto арасында автокөліктерді ірі тораптық құрастыруды бастау туралы келісім Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында жасалған. Құрастыру Қытайдан жеткізілетін бөлшектер негізінде жүргізіледі, ал логистикалық жақындық нарықты тиімді қамтуға және көміртек ізін азайтуға мүмкіндік береді. «Узавтосаноат» басқарма төрағасы Улугбек Розукуловтың айтуынша, неміс маркасының жеті моделі шығарылады. Көліктер тек Өзбекстан ішкі нарығына ғана емес, ТМД елдеріне, Орталық Азияға және Кавказға да жеткізіледі.

Volkswagen бұрын да Өзбекстан нарығында болған. 2020 жылы «Узавтосаноат» пен Volkswagen Group Rus Джизақтағы автозауыт базасында Caddy жеңіл коммерциялық көліктерін шығару туралы келісім жасаған. Сол жылы Volkswagen көліктерінің сатылымы басталып, кейін Škoda брендінің де сатылымы жолға қойылған. Алайда 2023 жылы Volkswagen Ресейдегі бизнесін «Авилон» дилеріне сатқан.

Комментарии