«Қан мен тер» жаңа тыныспен сахнаға оралды

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NzOwtgG0D0KjZMzCBMjJCgo3kA6ID9sdAgJgXFFN.jpg

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы желісі бойынша сахналанған жаңа қойылымның премьерасы өтті.

Ұлттық театрдың 35-маусымын қорытындылаған айтулы мәдени оқиғаға зиялы қауым өкілдері мен театрсүйер көрермен көп жиналды.

Премьера қарсаңында өткен баспасөз брифингінде спектакльдің шығармашылық тұжырымдамасы таныстырылып, театрдың 35 жылдық мерейтойына арналған жоспарлар жария етілді.

Брифинг барысында актер Болат Ыбыраев қойылымның қазақ театрындағы тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «Қан мен тер» – қазақ халқының тағдырын, Арал өңірінің қасіретін, адам мен қоғамның күрделі кезеңдерін терең бейнелейтін шығарма.

"Бұл – тек бір адамның емес, тұтас халықтың тағдыры. «Қан мен тер» бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бір спектакльді көру кейде бір кітап оқумен тең. Көрермен екі сағаттың ішінде сол дәуірдің оқиғасын, кейіпкерлердің тағдырын сезініп, терең ой түйеді", – деді Болат Ыбыраев.

Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналаған. Инсценировка авторы – Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов. Спектакльдің сценографиясы мен костюмдерін Қанат Мақсұтов әзірлесе, музыкалық көркемдеуін Қайрат Амангелдіұлы, хореографиясын Асан Борончинов, жарық шешімін Азамат Бекбембетов жасаған.

Премьераны тамашалаған көрермен қатарында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері Төлен Әбдік пен Роза Мұқанова болды. 

Алматы қаласынан арнайы келген Айман есімді көрермен қойылымнан ерекше әсер алғанын айтты.

"Сахнаның безендірілуіне ерекше мән бердім, өте жоғары деңгейде жасалған. Бұл шығарманы алдымен оқып, кейін қойылымын көрген дұрыс екен. Спектакль көңілімнен шықты", – деді ол.

Кезінде Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әзербайжан Мәмбетов сахналаған «Қан мен тер» араға жылдар салып жаңа режиссерлік шешіммен қайта жаңғырып, бүгінгі көрерменмен қайта қауышты. 

Комментарии
Другие материалы