Жасанды жаңбыр құрғақшылықпен күрестегі жаңа қадам ба?

305
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pbgjwIH2Zclv7GHt5o3PMV9pQ2hBYt4cJTUpLzIX.jpg

Фото: ЖИ көмегімен

Жасанды жолмен жауын-шашын шақыру технологиясы әлемнің көптеген елінде су тапшылығы мен құрғақшылықтың салдарын азайту мақсатында қолданылып келеді. Биыл Қазақстан да осы бағыттағы тәжірибені қолға алып, Орталық Азияда мұндай жобаны іске асырған алғашқы мемлекет атанды.

Түркістан облысында басталған пилоттық жоба қоғамда қызу талқылануда. Бірі оны климаттық өзгерістер жағдайында ауыл шаруашылығын қолдаудың тиімді құралы деп бағаласа, енді бірі технологияның табиғи процестерге ықпалы қандай болуы мүмкін деген сұрақ көтереді. Мамандар әзірге түпкілікті қорытынды жасауға ерте екенін айтқанымен, жобаның алғашқы нәтижелері мен ғылыми негіздемесі қоғам назарында.

Жобаның мақсаты қандай?|

Елімізде жасанды жауын-шашын шақыру технологиясын енгізу туралы бастама алғаш рет биыл мамыр айында жарияланды. Ақордада өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті әрі БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандуспен су ресурстарын басқару және климаттық тәуекелдерді азайту мәселелерін талқылады.

Осы кездесуден кейін екі күн өткен соң Түркістан облысында пилоттық жоба іске қосылды. Эксперимент 911 мың гектар егістік алқапты қамтып отыр. Мамандардың бағалауынша, технологияны тиімді пайдалану ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге және су қоймаларын толықтыруға мүмкіндік береді.

Жоба авторларының айтуынша, соңғы жылдары өңірде құрғақшылық кезеңдері жиілеген. Осыған байланысты бірнеше елдің тәжірибесі мен халықаралық ұйымдардың ұсынымдары зерделеніп, Түркістан облысы пилоттық алаң ретінде таңдалған.

– Жобаның негізгі мақсаты – құрғақшылықтың алдын алу. Өткен жылы мұнда сегіз айдан астам уақыт жауын-шашын түспеген кезеңдер болды. Бұл фермерлер үшін үлкен қиындық туғызды. Біз бірнеше елдің тәжірибесін және халықаралық метеорологиялық ұйымдардың ұсынымдарын зерттедік. Ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, осы жобаны іске қостық, – дейді Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Ә. Оспанова.

Технология қалай жұмыс істейді?

Жобаға қатысты ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі – жасанды жауын-шашын басқа өңірлердегі ауа райына әсер ете ме деген мәселе.

Мамандардың түсіндіруінше, технология жаңа бұлттарды қалыптастырмайды және ауа райын түбегейлі өзгертпейді. Арнайы ұшақтар табиғи түрде қалыптасқан жаңбыр бұлттарымен ғана жұмыс істейді.

– Біз жаңа бұлттар жасамаймыз. Арнайы ұшақ тек табиғи түрде қалыптасқан жаңбыр бұлттарымен жұмыс істейді. Бұлттардың астына экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тұзды реагенттер шашылады. Бұл ылғалдың кристалдану процесін жылдамдатып, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар әсер ету аумағы қатаң шектелген және жаңбыр үлкен аумақтарға таралмайды, – дейді Әлия Оспанова.

Мұндай технология әлемде шамамен 50 жылдан бері қолданылып келеді. Бүгінде АҚШ, Қытай, Канада, Австралия, Еуропа елдері мен Таяу Шығыстың бірқатар мемлекеттері оны су ресурстарын басқару және құрғақшылықтың алдын алу мақсатында пайдаланады.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, технология белгілі бір өңірдегі табиғи бұлттарға ғана әсер етеді.

Қоғамдағы пікір мен сарапшылардың көзқарасы

Қазақстан аймақта мұндай тәжірибені алғаш енгізгендіктен, жоба көрші мемлекеттердің де қызығушылығын тудырды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым трансшекаралық сипаттағы климаттық жобалар жөнінде көрші елдерді хабардар етіп отыруды ұсынған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде соңғы кездегі нөсер жауындар мен ауа райының құбылмалы болуын жасанды жаңбыр технологиясымен байланыстыратын пікірлер де кездеседі. Түркістан облысындағы кейбір шаруалар жауын-шашынның көбеюі бақша өнімдеріне әсер еткенін айтады.

Алайда мамандар мұндай тұжырымдарға ғылыми баға беру үшін қосымша зерттеулер қажет деп санайды. Өйткені ауа райына бір мезгілде көптеген табиғи факторлар әсер етеді.

Ресми органдардың ұстанымы

Мемлекеттік органдар пилоттық жоба ғылыми бақылаумен жүргізіліп жатқанын мәлімдеп отыр. Жобаның метеорологиялық сүйемелдеуін «Қазгидромет» жүзеге асырады.

– Бұл экспериментті Экология министрлігі тарапынан «Қазгидромет» қадағалап отыр. Біздің құзыретімізге метеорологиялық деректер, яғни Қазақстан аумағындағы бұлттардың ылғалдылығы туралы ақпарат кіреді, – дейді Экология вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жауын-шашынның химиялық құрамы да тұрақты түрде зертханалық бақылаудан өткізіледі. Алынған мәліметтер экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан талданады.

– Әлемдік тәжірибе бұл технологияның экологиялық тұрғыдан қауіпсіз екенін көрсетеді. Оның мақсаты – көктемгі тасқын кезінде жеткілікті көлемде толыспаған су айдындарындағы су қорын толықтыру ғана, – дейді мамандар.

Қазір пилоттық жоба жалғасып жатыр. Оның қорытындылары ғылыми зерттеулер аяқталғаннан кейін жарияланады. Егер технология тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдесе, болашақта оны су тапшылығы байқалатын өзге өңірлерде де қолдану мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Айғаным Мұстапаева

Комментарии