Әлиев түркі әлемінің ықпалды геосаяси орталыққа айнала бастағанын айтты

514
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uDo7aD49n6La3qYtkQqxqtMswUoL1GGy8epV1N0A.jpg

Бүгін, 29 маусымда Бакуде Бірінші түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған Түркі әлемі апталығы басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс-шараға 20 елден келген 215 қонақ қатысуда. 3 шілдеге дейін жалғасатын апталық аясында халықаралық ғылыми және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Ресми бөлімнен кейін «Түркі әлемі – бір отбасы: ортақ мақсаттарға жету жолындағы халықаралық түркі ұйымдарының ынтымақтастық қызметі» тақырыбында пленарлық отырыс өтеді. Сондай-ақ «Түркі тілдерінің даму динамикасы: тарихи-филологиялық көзқарас» және «Бірінші түркологиялық құрылтай мұрасы: түркі халықтарының мәдени және ғылыми ықпалдастығы» тақырыптарында панельдік пікірталастар жоспарланған.

Ашылу салтанатында Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев XIX ғасырдың басынан бері елде жүзеге асқан терең қоғамдық-саяси және мәдени өзгерістер ұлттық өзіндік сананың қалыптасуына және мұсылман әрі түркі әлеміндегі алғашқы демократиялық мемлекеттің құрылуына негіз болғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен ғасырдың басында-ақ Баку ұлттық мүддені көздеген зиялы қауымның арқасында жоғары интеллектуалдық ортасымен ерекшеленіп, әлемдік түркологияның маңызды орталықтарының біріне айналған.

Мемлекет басшысы Бірінші түркологиялық құрылтайдан кейін онда көтерілген негізгі идеялар мен қағидаттардың кеңестік тоталитарлық жүйе тарапынан жүзеге асырылмай қалғанына өкініш білдірді. Сонымен қатар ол 1930-жылдары құрылтай делегаттарының басым бөлігі мақсатты түрде қуғын-сүргінге ұшырағанын еске салды.

Президент бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы жүзеге асырып отырған көптеген жобаның негізінде Бірінші түркологиялық құрылтайда ұсынылған озық идеялар жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, түркі әлемі XXI ғасырдағы ықпалды геосаяси орталықтардың біріне айналу жолында сенімді қадам жасап келеді және Әзербайжан осы бірліктің беріктігін нығайтуға күш сала береді.

Сөз соңында президент Түркі әлемі апталығы түркі халықтарының бай тарихи әрі рухани мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау ісіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, бұл шара мәдени өмірдегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, халық жадында ұзақ сақталмақ.

Айта кетейік, бұл шара Ильхам Әлиевтің 2025 жылғы 22 қазанда қол қойған «Бірінші түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығын өткізу туралы» өкіміне сәйкес ұйымдастырылып отыр.

Түркі әлемі апталығы Әзербайжанның Мәдениет министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы және Ғылым және білім министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен өтуде. Шараға сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Баку мемлекеттік университеті, Түркі академиясы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры серіктестік етеді.

 

Комментарии