Әлеуметтік оптимизм басым: жалпыұлттық зерттеу нәтижелері

273
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NcZt2gtflzugm4R43KXGZYlbvdbOIOWDXNi1qK8T.webp

Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанатынын және алдағы уақытта тұрмыс жағдайының жақсаратынына сенетінін айтты. Бұл DATAmetrics компаниясы жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген.

Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысты.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 63,3%-ы өз өміріне толық риза екенін айтса, 31,9%-ы көп жағдайда қанағаттанатынын жеткізген. Осылайша, қатысушылардың 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын атап өткен. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болғанын айтқан.

Ал 25,5% респондент отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін мәлімдесе, 6,6%-ы тұрмыс деңгейінің нашарлағанын көрсеткен.

Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың болашаққа деген сенімі де жоғары екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6%-ы бір жылдан кейін өз отбасының тұрмыс жағдайы бүгінгіден жақсы болады деп есептейді. Оның ішінде 45%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарады деп сенсе, 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсаратынын айтқан.

Зерттеу бетпе-бет сұхбат жүргізу әдісімен ұйымдастырылған. Іріктеу республика халқының жынысы, жасы және қала мен ауылдағы тұрғындар үлесіне сәйкес жасалған. Зерттеудің статистикалық қателік шегі ±1,1%, сенімділік деңгейі – 95%.

Комментарии