Ресейдің Орынбор қаласы коммуналдық қызметтерге Солтүстік Кореядан жұмысшылар тартуға әрекеттенген. Алайда ұсынылған жалақының төмендігіне байланысты бұл бастама жүзеге аспаған. Бұл туралы Орынбор қаласының әкімі Альберт Юмадилов 1743.ru порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.
Юмадиловтың сөзінше, ол 2025 жылы Солтүстік Кореядан жұмыс күшін тарту мәселесімен айналысқан. Бірақ бұл бастама нәтиже бермеген.
«Білгенімдей, Солтүстік Кореяның жұмысшылары 55 мың рубль жалақыға келмейді. Оларда жалақы деңгейі бұдан екі-үш есе жоғары. Олар робот секілді жұмыс істейді, оны өз көзіммен көрдім. Бірақ біз ондай жалақы төлей алмаймыз», – деді қала әкімі.
Ол Ресейдің кейбір өңірлері Солтүстік Кореямен еңбек саласында келісім жасасқанын, алайда Орынбор облысы олардың қатарына кіре алмағанын айтты.
Сонымен қатар, Орынборға Сенегалдан еңбек мигранттарын тарту мүмкін болған. Қала әкімінің айтуынша, алғашқы 10 сенегалдық жұмысшы сәуір айында келген. Қазір коммуналдық қызметтерде Сенегалдан келген 31 азамат еңбек етіп жүр.
Юмадилов сенегалдық аула сыпырушылардың жұмысына көңілі толатынын айтып, олардың демалыс күндері де жұмыс істеуге дайын екенін әрі ұсынылған жалақыға келісетінін жеткізді.
«Олардың жексенбі күні де жұмыс істеп жүргенін көріп жүрмін. Бұған дейін сенбі-жексенбі күндері ешкім жұмыс істемейтін. Мысалы, осы демалыста біз балалар лагерлеріне баратын жолдарды тазалап жатырмыз. Бұл өте ауыр жұмыс, әсіресе "Дубки" маңындағы аумақтар қалың шөп басқан. Егер мұны мердігерлерге тапсырсақ, шамамен үш миллион рубль жұмсар едік. Ал қазір бұл жұмысты 20 жігіт атқарып жатыр және жақсы нәтижеге қол жеткізуде», – деді ол.
В этом году в области Жетісу начнут работу новые заводы по производству строительных материалов и промышленных аккумуляторов
