Жазушы, журналист Нұртөре Жүсіп «Адырна» ұлттық порталының студиясына берген сұхбатында қазақ қоғамындағы тіл, әдебиет, ұлттық құндылықтар, демография, жастар тәрбиесі мен еңбек мәдениеті туралы пікір білдірді.
Ол ең алдымен қазақ қоғамында ортақ амандасу үлгісін қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы барлық азаматтың «Сәлем» деп амандасуды әдетке айналдырғаны дұрыс. Сондай-ақ, үлкен кісіге «Сәлем» деп айтуға қатысты қалыптасқан түсініктер мен қазақтың төл амандасу дәстүрі жайында ой қозғады.
Жазушы амандасу мәдениетінде гигиеналық талаптарды да ескеруге шақырып, міндетті түрде қол алысып, құшақтасып немесе беттен сүйісудің қажеті жоқ екенін жеткізді.
Сұхбат барысында Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ әдебиетінің бағыты туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, әдебиет тек ауыл өмірін ғана емес, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін де кеңінен қамтуы тиіс. Қалалық өмірдің ұлттық болмысын қалыптастыру, көршілік мәдениетін дамыту және урбанизация жағдайындағы қазақ қоғамының ерекшеліктерін әдебиетте көрсету маңызды екенін атап өтті.
Нұртөре Жүсіп ұлттық тәрбиедегі тілдің рөліне де назар аударды. Оның айтуынша, қазақ отбасыларында балаларды «қошақаным», «ботақаным» деп еркелетудің орнына «доча», «сынок» сияқты бөгде сөздердің жиі қолданылуы ойландыратын мәселе.
