ОСК Қазақстан Халық партиясының тізімін тіркеді

319
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/M1Zy17fz97hhDywXqO4TfS6h0yWsZJ5lZbB5y5Dr.jpg

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды.

Ағымдағы жылғы 9 шілдеде Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі партиялық тізімін ұсынуға қатысты құжаттарын тапсырған болатын. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау рәсімдерін жүргізді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова кандидаттарға заңнамада қойылатын талаптар туралы айтты. Атап айтқанда, кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы, соңғы 10 жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруы және жасы 25-тен кем болмауы тиіс.

«Қазақстан Халық партиясы» 72 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Оның ішінде 30 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл жалпы тізімнің 41,7%-ын құрайды. Заңда белгіленген квота сақталған. Орталық сайлау комиссиясының уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдаған сұрауларына сәйкес партиялық тізімге енгізілген тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілді. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келеді», - деп түйіндеді Ортсайлауком мүшесі.

Әсел Жанәбілова сондай-ақ «Қазақстан Халық партиясы» 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың 5 пайыздан астамының дауысын алғанын еске салды. Осыған байланысты заңға сәйкес партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

ОСК мүшелері тиісті хаттамаларға қол қойғаннан кейін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Қазақстан Халық партиясы» партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылданды. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.

Отырыс қорытындысы бойынша партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Комментарии