Ақмола облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыруға қосылды

118
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KPJsM6znR1hPhwMKvAZWMJGVgsB5Ew0bbB4S6JaE.jpg

Ақмола облысында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры қол қойып, өңір тұрғындары арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырмандық белсенділікті арттыруға бағытталған өзара ынтымақтастықтың негізін қалады.

Қол қою рәсімі Достық үйінде өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет ұйымдарының, кітапхана саласының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми қауымдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жобаның өңір үшін маңызына тоқталып, оның оқырман қоғамын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Кітап оқу мәдениетін дамыту – өңіріміздің болашағына салынған маңызды инвестиция. Бүгін біз мемлекет, білім беру жүйесі, кітапханалар мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, кітапты балалардың, жастардың және жалпы Ақмола облысы тұрғындарының өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Досұлан Айтбаев.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев жобаның тұжырымдамасын таныстырып, оны жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – кітап оқуды насихаттаумен ғана шектелмей, адамдарды кітап оқуға, оны талқылауға ынталандыратын және оқырмандық мәдениетті қалыптастыратын тұрақты жүйе құру. Ақмола облысы бұл жобаның белсенді қатысушыларының біріне айналады деп сенемін», – деді Аян Сақошев.

Кездесу барысында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жобаны іске асырудың өзекті бағыттары талқыланды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, облыста «Оқитын мектеп» жобасы аясында 90 мыңнан астам оқушының, 6 мыңға жуық педагогтің және 3 мыңнан астам ата-ананың қатысуымен 50-ден астам іс-шара өткізілген. Өңір мектептерінде 480-ге жуық коворкинг-кеңістік ашылып, кітапхана қорлары 330 мыңнан астам көркем әдебиет данасымен толықтырылды. Сонымен қатар 100 мектеп пен 20 колледжде автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе енгізілді.

Меморандум аясында тараптар кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітапхана инфрақұрылымын жетілдіруге, жобаны әдістемелік сүйемелдеуге, ағартушылық іс-шаралар өткізуге және ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған бірлескен жұмыстарды жүзеге асырады. Сондай-ақ өңірде жобаны үйлестіретін арнайы жобалық кеңсе құрылатын болады.

Құжатқа Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев қол қойды.

Комментарии