Түркістанда «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті

144
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uTderFIWTQMbHC3vcIlJPSM67dYhU9kuhOdAvlen.jpg

Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Ауқымды рухани-ағартушылық жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Қожа Ахмет Ясауидың рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті.
Жиында Түркістан облыстық мәслихатының  төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Өңір басшысының құттықтау хаты мен сәлемін жеткізді. Мәслихат төрағасы «Ясауи керуені» жобасы өңір тұрғындарының тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға серпін беретінін атап өтті. 
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи және рухани маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орнына және оның ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігіне жан-жақты тоқталды. Университет доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларының тәрбиелік маңызын түсіндірді.
«Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, Яссауи мұрасының ұлттық сананы қалыптастырудағы орнына назар аударды. Философия докторы Төлеген Мұхит Яссауи ілімі мен қазақ халқының салт-дәстүрлері арасындағы тарихи және рухани сабақтастық мәселелерін кеңінен талдап берді.
Іс-шара барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты.
Сарапшылар Ясауи мұрасын дәріптеу рухани қауіпсіздікті нығайтудың, ұлттық тұтастықты сақтаудың және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Түркістан облысының Дін істері басқармасының мәліметінше, «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта облыстың барлық қала және аудандарында жалғасады. Жоба аясында тұрғындарға арналған ғылыми-танымдық кездесулер, семинарлар және рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен танытуға бағытталған жоба өңір тұрғындарының тарихи-рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдағы рухани келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етпек.

Комментарии