Мемлекеттік академиялық би театрына Болат Аюхановтың есімі берілді

98
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BtGpM4hOjCOLMVWD544R4XVVvUSkQVHIIokHQkZ1.webp

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрына оның негізін қалаушы, көрнекті хореограф Болат Аюхановтың есімі берілді. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қабылданды, деп хабарлайды "Адырна".

Болат Аюханов – Қазақстандағы камералық балет өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан хореограф. Ол 1967 жылы «Алматының жас балеті» ұжымын құрып, кейін бұл театрды елімізге ғана емес, шетелге де танытты. Өнер ұжымы Кеңес Одағы республикаларында, сондай-ақ Еуропа мен Скандинавия елдерінде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде мойындалды.

Бүгінде театр ұжымы Болат Аюханов қалыптастырған шығармашылық мектептің дәстүрін жалғастырып, оның мол мұрасын дәріптеп келеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, хореографтың қойылымдары ұлттық хореография өнерінің алтын қорына енген. Сонымен қатар ол ұзақ жылдар бойы көптеген кәсіби бишілерді тәрбиелеп, қазақ балетінің дамуына зор үлес қосты.

Министрлік театрға Болат Аюхановтың есімінің берілуі оның қазақ балет өнерін дамытудағы елеулі еңбегіне көрсетілген құрмет екенін атап өтті. Бұл шешім театрдың 60-маусымының ашылуы қарсаңында қабылданып отыр.

Айта кетейік, 2027 жылы Мемлекеттік академиялық би театрының құрылғанына 60 жыл толады. Мерейтой қарсаңында театр ұжымы классикалық, ұлттық, неоклассикалық және заманауи хореография бағыттарын дамытуды жалғастырып, ұлттық балет мектебінің үздік дәстүрлерін сақтап келеді.

Комментарии