Қазақ аспанының аңызы 80 жасқа толды. Қос ғарышкер туған күн

261
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2t3d0L3pw6tfx7rEXi5qtO0g6FIsVKmQQQJSXSoX.jpg

Бүгін – тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров пен Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетовтің туған күні. Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғарышкерлердің өмір жолында таңғаларлық ұқсастықтар көп. Екеуі де 27 шілдеде дүниеге келген, Армавир жоғары әскери авиация училищесін тәмамдап, әскери ұшқыштан ғарышкер дәрежесіне дейін көтерілген. Сонымен қатар екеуі де ғарышқа айдың 2-сі күні ұшқан. Тоқтар Әубәкіров қыркүйекте, ал Айдын Айымбетов қазанда ғарыш сапарына аттанған. Тағы бір қызық сәйкестік – екі экипаждың да командирлерінің тегі Волков болған. Әубәкіровпен бірге кеңестік ғарышкер Александр Волков ұшса, Айымбетовтің экипажын Александр Волковтың ұлы, ресейлік ғарышкер Сергей Волков басқарған.

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы маусымның 27-інде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, «1-інші май» ұжымшарында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерген. Кейін Қиыр Шығыста әскери авиация бөлімдерінде қызмет атқарқан.  Ол 1991 жылы 2 қазанда экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ұшқан. Кеңес Одағының 72-ші ғарышкері. Кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына және Дүниежүзілік авиация мұражайына енген. Тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға белсене қатысып, Президенттің ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. 1992–1993 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары ретінде жаңадан құрылған Қазақстан Қарулы күштерінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға үлес қосты. Кейін бірнеше рет Мәжіліс депутаты болып сайланып, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды мәселелерге атсалысты.

Айдын Айымбетов 1972 жылы Талдықорғанда дүниеге келген. №20 орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиация училищесіне оқуға түсіп, 1993 жылы ұшқыш-инженер мамандығын алып шыққан. Сол жылдан бастап Қазақстан Әскери-әуе күштерінде қызмет атқарып, ғарышкерлер қатарына қабылдануға өтініш берген. Ғарышкер болғанға дейін Талдықорған маңындағы әуе базасында әуе желісінің командирі қызметін атқарған. 470 сағат ұшу тәжірибесін жинақтап, парашютпен 360 рет секірген.

2002 жылы Қазақстанның ғарышкерлер құрамына қабылданып, 2003 жылдан бастап арнайы дайындықтан өткен. 2009 жылы мемлекеттік ант қабылдап, «Қазғарыш» агенттігі басшысының кеңесшісі болған. Кейін агенттікте түрлі басшылық қызметтерді атқарып, 2014 жылы Қазақстан Әскери-әуе күштерінің полковнигі атағын алған. Ол 2015 жылғы 2 қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. 10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтың және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.

Комментарии