Ғұн ақсүйектерінің кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

110
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ICBHZ7THnX7aN06zduqe3vjqWVbTjp8p18Gnhe8j.jpg

25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Ғұн ақсүйектерінің салтанатты кешендері» бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл – Моңғолиядан аталған тізімге енген жетінші нысан, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі МОНЦАМЭ агенттігіне сілтеме жасап.

Кешен б.з.д. III ғасыр мен б.з. II ғасыр аралығында өмір сүрген алғашқы моңғол мемлекеті – Ғұн империясымен байланысты бес археологиялық ескерткіштен тұрады.

Моңғолияның мәдениет министрі Жуковын Алдаржавхланның айтуынша, бұл жетістік – отандық және шетелдік археологтар, тарихшылар мен зерттеушілердің көпжылдық бірлескен еңбегінің нәтижесі.

«Олардың ғылыми зерттеулері сенімді дереккөздер негізінде Ғұн империясы туралы білімді едәуір кеңейтіп, оның айрықша әмбебап құндылығын негіздеуге маңызды үлес қосты», – деді министр.

Ғылыми топ жетекшісі, академик Сампилдондовын Чулуун ғұн ақсүйектерінің жерлеу орындарының ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі олардың тек Моңғолия үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де ерекше маңызға ие екенін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, бұл қадам алғашқы моңғол мемлекетінің тарихи рөлінің жаһандық деңгейде мойындалғанын да айқындайды.

Комментарии