Қазақстандық екі балуан әлем чемпионы атанды

835
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gCOQiNhyBpwhWOwJ2fvnFpcF4cba3uYOe4XtCUW7.webp

Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандықтар екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды. Финалда ол Үндістан өкілі Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Турнир барысында қазақстандық балуан бес белдесу өткізіп, Тәжікстан, Болгария, Моңғолия және Өзбекстан спортшыларын жеңді. Әсіресе моңғолиялық қарсыласын небәрі 36 секундта ұтып, жартылай финалда Азия чемпионы Фарух Махмудовты 7:3 есебімен тізе бүктірді. Жарыс бойы Бақдәулет қарсыластарына небәрі үш ұпай ғана беріп, өзі 47 ұпай жинады.

Қазақстан қоржынына екінші алтын жүлдені грек-рим күресінің 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дияр Аманәлі салды. Ол жарыс барысында Грекия, Ресей, Грузия және Болгария балуандарын жеңіп, финалда Венгрия өкілі Кеве Ковачпен кездесті.

Шешуші белдесу 1:1 есебімен аяқталғанымен, алғашқы нәтижелі ұпайды Дияр еншілегендіктен, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын екі алтын медальмен толықтырды.

Комментарии