Күлпаршын Айдарханова: «Әйелдердің қатысуынсыз қуатты экономика құру мүмкін емес»

5291
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/P2YnGreKukhss6szzoOwrEP33eqEcR3Jr7MHpR50.jpg

Ақтөбе облысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «KözI’m» тәлімгерлік жобасының аралық қорытындылары шығарылды.

Әйелдердің экономикалық дербестігі неге өңір экономикасын нығайтудың негізгі факторына айналып отырғаны туралы жоба бастамашысы, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің Ақтөбе өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты әрі белгілі кәсіпкер-меценат Күлпаршын Айдарханова айтып берді.

«KözI’m жобасы ең алдымен тәжірибелік құрал ретінде ойластырылды. Осы уақыт ішінде әр қатысушының алға жылжығанын көріп, қуанамыз. Бірі бастапқы бизнес-идеясын жетілдірсе, енді бірі өз бизнесіндегі үдерістерді оңтайландырды. Әрбір жетістіктің артында дамуға және отбасының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға деген ұмтылыс жатыр. Біз кәсіпкерлердің күнделікті мәселелерін талқылап қана қоймай, заңнамадағы өзгерістер, қаржылық сауаттылық және құқықтық қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты түрде сараптамалық кездесулер өткіземіз», – дейді Күлпаршын Айдарханова.

Алайда спикердің айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жалпы әлеуметтік күн тәртібінен бөлек қарастырылмауы тиіс. Бүгінгі негізгі мәселе әйелдердің еңбек етуге деген ынтасының жоқтығында емес, инфрақұрылымдық кедергілерде.

«Бизнес-ментор ретінде мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен де, шалғай ауылдардың тұрғындарымен де кездесемін. Олардың әрқайсысы өзін жүзеге асыруға ұмтылады. Бірақ балабақшадағы орын тапшылығы, қайта даярлау мүмкіндіктерінің шектеулілігі немесе баласын бірнеше сағатқа қалдыратын жағдайдың жоқтығы сияқты кедергілерге тап болады. Сондықтан экономикалық тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен әрбір әйелдің әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау», – дейді Күлпаршын Айдарханова.

Тең мүмкіндіктер қағидатына негізделген қоғам құру үшін сапалы білімнің қолжетімділігі, қайта даярлау бағдарламалары, еңбекақысы ашық әрі әділ төленетін жұмыс орындарын көбейту және балабақшалар желісін кеңейту қажет. Бұл – ел экономикасына салынатын тікелей инвестиция.

«Экономикалық тәуелсіздік әйел еңбегінің лайықты бағаланып, оның білімі мен тәжірибесінің сұранысқа ие болуынан басталады. Отбасы мен мансапты қатар алып жүруге мүмкіндік жасалған кезде бүкіл қоғам ұтады. Өйткені еңбек етіп жүрген әйел отбасының әл-ауқатын арттырады, оның кәсібі өңірде жаңа жұмыс орындарын ашады, ал кәсіби дамуы елдің адами капиталын нығайтады. Әйелдердің белсенді қатысуынсыз қуатты экономика құру мүмкін емес», – деп түйіндеді Күлпаршын Айдарханова.

 

 

Комментарии