КҚК арқылы мұнай экспортында қайтадан іркіліс байқалды

152
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DstayHg9Gop0YVy8mnFa4WfYRQCXy6BTRrMlD0n3.webp

Қазақстан мұнайының басым бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тиеу жұмыстары қайтадан үзіліспен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Reuters-ке сілтеп. 

Бұған Қара теңіздегі терминал маңында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары мен танкерлердің жетіспеуі себеп болған. 

Агенттік мәліметінше, соңғы тәулікте КҚК терминалының жұмысы екі рет тоқтап, кейін қайта жалғасқан. Алайда 5 тамыз күні таңертең мұнай тиеу тағы да уақытша тоқтатылды. Бейресми дереккөздердің айтуынша, мұнай жөнелту кестесі күн сайын өзгеріп жатыр. Кейбір партиялар жоспарға енгізілгенімен, танкер табылмағандықтан уақытында жөнелтілмейді. Жағдайдың қиындауына көптеген кеме компанияларының қауіпсіздікке байланысты танкерлерін Қара теңізге жіберуден бас тартуы әсер етіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай мұнай бағасына да ықпал еткен. Қазақстанның CPC Blend маркалы мұнайы бұрын Brent бағасынан қымбат сатылса, қазір керісінше арзандап кеткен. Бұған жеткізу мерзімінің кешігуі мен тасымал құнының қымбаттауы себеп.

Қазір Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы КҚК арқылы тасымалданады. Бұл құбырмен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы әлемдік нарыққа шығарылады. Балама бағыттар болғанымен, олардың өткізу мүмкіндігі шектеулі.

Бұған дейін энергетика министрлігі КҚК жұмысы толық тоқтамайтынын хабарлаған. Алайда шілде айында орын алған қиындықтар салдарынан Қазақстандағы мұнай өндірісі маусым айымен салыстырғанда шамамен 14 пайызға азайды. Осыған байланысты «Теңізшевройл» компаниясы тамыз айында мұнайдың бір бөлігін теміржол арқылы Грузияның Батуми портына жеткізуді жоспарлап отыр.

Комментарии