"Әлди, әлди, Абайым". Ақын есімі әйел адамдарға да қойылған

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fK1irgh9XfbjbIrbdmetBqm4Mcj4nDiuUD573DJo.jpg

10 тамызда Қазақстанда Абай күні атап өтіледі. Осы датаға орай Ұлттық статистика бюросы ұлы ақынның есімімен аталған қазақстандықтардың саны мен Абай есіміне қатысты қызықты статистиканы жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Бюро мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Абай есімді 18 961 адам тұрады.

Абай есімі ең көп таралған өңірлердің көшін Астана бастап тұр. Елордада осындай есімді 2 186 адам тіркелген. Екінші орында – Түркістан облысы, мұнда 2 008 Абай бар. Ал Алматы қаласында ұлы ақынның есімін иеленген 1 740 адам тұрады.

Статистикаға сәйкес, Абай есімді ең қарт қазақстандық 1932 жылы дүниеге келген.

Ал бұл есім иелерінің арасында ең көп кездесетін жас санаты – 30-34 жас аралығы. Осы жастағы Абайлардың саны 3 267 адамды құрайды.

Ұлы ақынның есімі кейінгі ұрпақ арасында да сұранысын жоғалтпаған. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы алты айында 91 нәрестеге Абай есімі берілген.

Абай есімі негізінен ер адамдарға қойылғанымен, Қазақстанда бұл есіммен тіркелген тоғыз әйел адам да бар.

Ұлы ақынның есімі Қазақстанның елді мекендерінде де кеңінен кездеседі. Абайдың құрметіне елімізде бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл аталған.

Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросы Абайдың азан шақырып қойған аты – Ибраһим есімінің таралуына қатысты да дерек келтірді. Қазақстанда Ибраһим, Ибрагим және Ибрахим нұсқаларымен тіркелген 37 844 адам бар.

Айта кетейік, 10 тамыз – Абай күні. Бұл дата ұлы ақын, ағартушы, композитор әрі қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай белгіленген.

Комментарии
Другие материалы