Алматы облысында биыл 100 мың тонна алма жиналады

201
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Fuz7km9T6CBUbBNmgnjAvdQ9L5efurTIuEPDx7IH.jpg

Биыл Алматы облысындағы бағбандар 100 мың тоннаға жуық алма жинауды жоспарлап отыр. Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа шығарылады. Алматы өңірінің алмасы негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріне экспортталады. Сонымен қатар жиналған өнімнің 10 пайызы шырын, пюре, тосап және өзге де қайта өңделген өнімдер шығаруға пайдаланылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде облыстағы алма бақтарының жалпы аумағы 9,9 мың гектарды құрайды. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өсіру көлемі бойынша облыстың Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жиналады. Одан кейінгі орында Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр.

Өңірде алма ағашының 21 сорты өсіріледі. Мысалы, Алматы апорты, фуджи, гала, голден делишес, синап, кандиль, айдаред және басқа да кең таралған сорттар бар. Соның ішінде гала сұрыпына халықаралық нарықта сұраныс жоғары.

«Алматы облысында соңғы үш жарым жылда 282 мың тоннадан астам алма жиналып, соның 1,5 мың тоннасы шетел нарығына экспортталды. Экспорттан түскен түсім шамамен 1 млн 549 мың АҚШ долларын құрады. Қазір Еуропа елдері, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарымен экспортты ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, тек жаңа піскен алманы ғана емес, шырын, кептірілген алма, пастила сияқты қайта өңделген өнімдерді де сыртқы нарыққа шығару көзделіп отыр. Біздің басты міндет – өнімділікті арттыру. Сол үшін жоғары өнімді көшеттер отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілуде, цифрлық технологиялар қолданылып, интенсивті бақтардың көлемі ұлғайтылып жатыр», – деді Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықов.

Өңірде Алматы апортын халықаралық деңгейдегі бренд ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Апорт алмасын қалпына келтіру жобасы аясында сапалы көшеттер көбейтіліп, жаңа бақтар отырғызылуда. Бүгінде облыстағы апорт бағының жалпы аумағы шамамен 2,3 мың гектарды құрайды. Бұл бақтардан жылына 6,6 мың тонна апорт алмасы жиналады, орташа өнімділігі гектарына 88,5 центнерді құрайды. Сонымен қатар жеміс-жидекті сақтау және қайта өңдеу бағытында жаңа жобалар іске асырылуда. Соның бірі – жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеуге қауқарлы «QAZAQ Global Food JV» зауытының құрылысы. Жоба іске қосылғаннан кейін өңдеу көлемі ұлғайып, алманы ұзақ сақтауға мүмкіндік туады. Бұл маусымнан тыс уақытта да өнімді нарыққа шығарып, экспорт көлемін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ өңірде алма өсірумен айналысан шағын шаруақожалықтар да бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылында орналасқан «Хишманов» бағы. Жалпы аумағы – 14 гектар. Оның 4 гектарында көшет өсіріледі. Қалған жерге бақ отырғызылып, түрлі тәжірибелер жасалады. Сондай-ақ шаруақожалық Әймен ауылы мен оған жақын елдімекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тұрақты түрде 15 адам еңбек етеді. Ал өнім жинау және көшет отырғызу кезінде олардың саны 30-45 адамға дейін жетеді. Былтыр 12 тонна өнім алынған. Ал биыл оның көлемін 24-28 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар алма жинау кезінде ешқандай қалдық қалмайды. Оның бәрі арнайы сұрыпталып, кәдеге жаратылады. Өнімнің барлығы дерлік Қазақстан аумағында сатылады.

«Біз қазақстандық селекцияға жататын, жоғалып кетуге сәл қалған Анель, Айнұр, Дамира, Восход, Раши сияқты сорттарды көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бұл сұрыптар жақсы өнім береді, дәмі де тіл үйіреді. Шағын тәлімбағымыз бар. Онда негізінен өзіміздің баққа қажет көшеттерді өсіреміз. Қайсысы біздің аймаққа қолайлы екенін зерттеп, содан кейін ғана бақта өсіруге кірісеміз», – дейді шаруақожалық басшысы Руслан Хишманов.

Қазіргі таңда алма бағының бабын тапқан бағбандар алғашқы жиын-терінге кірісіп кетті. Облыста алманың өнімділігін арттыруға және отандық сорттарды сақтап, көбейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа бақтардың көлемі ұлғайып, заманауи суару жүйелері және цифрлық технологиялар енгізілуде. Сонымен қатар өнімді сақтау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту арқылы жергілікті алманың экспорт әлеуетін күшейтуге басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар облыстың алма өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, сапалы отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Комментарии