Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы препарат тіркелуі мүмкін

92
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/U79mkHsINj11wPv7LWxjiWFpDw2Fu938D1fN70xQ.png

Қазақстанда әзірленген қатерлі ісікке қарсы отандық препаратты 2027 жылы тіркеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазір дәрі пациенттердің қатысуымен клиникалық сынақтардың екінші кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. 

Препараттың клиникалық сынақтары Астанадағы онкологиялық орталық базасында жүргізілуде. Қазіргі кезеңде мамандар дәрінің қажетті дозасын анықтап, оның әртүрлі мөлшерінің пациент ағзасына әсерін зерттеп жатыр.

«Қазір пациенттерге дозаны тестілеу кезеңі жүріп жатыр. Жыл соңына дейін барлық процедураны аяқтап, препаратты тіркеуге беруге тырысамыз», – деді министр Үкіметтегі брифингте.

Екінші кезеңдегі клиникалық зерттеулер аяқталғаннан кейін алынған нәтижелер сараптамаға жіберіледі. Бұдан соң препаратты Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы арқылы мемлекеттік тіркеуден өткізу рәсімі басталады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, препаратты тіркеу жұмыстары биыл аяқталса, дәрі келесі жылы Қазақстанда қолданысқа шығуы мүмкін.

"Сірә, келесі жылы болады. Өйткені биылғы жылдың соңына дейін барлық процедураны аяқтап, Денсаулық сақтау министрлігімен қажетті жұмыстарды жүргізуіміз керек", – деді ол.

Алғашқы кезеңде препаратты Қазақстанда және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде қолдану үшін тіркеу жоспарланған. Ал басқа мемлекеттердің нарығына шығару үшін препарат сол елдердің талаптарына сәйкес қосымша тіркеу рәсімдерінен өтуі тиіс. Қазақстандық препаратты ғалым Дос Сарбасов бастаған мамандар әзірлеген. 2025 жылдың қарашасында препараттың клиникалық сынақтарының шешуші кезеңіне өткені хабарланған.

2026 жылғы 31 наурызда отандық DVC препаратының адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтары басталғаны белгілі болды. Зерттеу Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында жүргізілді.

2026 жылдың мамырында Саясат Нұрбек препараттың адамдарға жүргізілген клиникалық сынақтарының алғашқы кезеңі аяқталғанын хабарлаған. Оның айтуынша, зерттеуге қатысқан пациенттердің барлығы аман қалған, ал кейбірінде ісік көлемінің азайғаны байқалған.

Қазір мамандар препараттың дозасын және пациенттердің ағзасына әсерін бағалау бойынша зерттеулерді жалғастырып жатыр. Препараттың нақты тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникалық сынақтардың барлық кезеңі аяқталып, тиісті сараптама мен мемлекеттік тіркеу рәсімдері жүргізілгеннен кейін анықталады.

Комментарии