Ресей мұнайын тиеген танкер Қара теңізде шабуылға ұшыраған

282
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lc8xka55e0hB5RZIuQDY5Ggyk8CGp5FKAPP5M2UB.jpg

Қара теңізде Грекияның Skiros мұнай танкері Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалында мұнай тиегеннен кейін шабуылға ұшырады. Бұл туралы Bloomberg 17 тамызда анонимді дереккөзге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Агенттік бұл оқиғаны «Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мұнай тасымалына қалай әсер етіп жатқанын көрсететін ең соңғы мысал» деп атады. Мәліметке сәйкес, әлемдік нарыққа жеткізілетін мұнайдың шамамен 2 пайызы КҚК терминалы арқылы экспортталады.

Дереккөздің айтуынша, шабуыл 16 тамыз күні болған. КҚК терминалы негізінен Қазақстаннан экспортталатын мұнайды тиеумен айналысады. Алайда миллион баррельге дейін мұнай тасымалдауға қабілетті Skiros танкерінде ресейлік мұнай болған. Bloomberg мәліметінше, КҚК терминалы арқылы экспортталатын мұнайдың 5-10 пайызы Ресей мұнайына тиесілі.

КҚК терминалындағы кемеге жасалған бұл шабуыл соңғы үш аптадағы алғашқы оқиға болды. Шілде айында ҰҰА шабуылдарының қайталануы терминал жұмысына кедергі келтіріп, әлемдік нарыққа қазақстандық мұнай жеткізуде маңызды рөл атқаратын нысанның қызметіне әсер еткен еді. Соның салдарынан Қазақстандағы кейбір кен орындарында мұнай өндіру көлемі қысқарған.

Шілде айының соңында КҚК қауіпсіздік қатерін азайту және мұнай төгілуінен туындауы мүмкін экологиялық зардаптардың алдын алу үшін жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін екенін де мәлімдеген. Алайда кейін терминал қызметін жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Танкерді басқаратын грек компаниясының мәліметінше, шабуыл салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ және қоршаған ортаға зиян келмеген. Компания әзірге қосымша түсініктеме берген жоқ.

Комментарии