Қарағандыда Спорт күніне орай Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.

Алты спортшыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Жаңа қоныс иелері Дастан Мұқашбеков, Даяна Федосова, Еркебұлан Қанафин, Аян Әбдіраш, Айжамол Абдикатова және Айда Мақатова атанды.

Салтанатты шара Достық үйінде өтті. Жиын барысында спортшыларға, жаттықтырушыларға және сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел спортының дамуына қосқан үлесі атап өтілді.

– Бүгінде Қарағанды облысының мыңнан астам өкілі еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында. Алға қарай нық қадам басу үшін жекелеген спорт нысандарын салудан заманауи спорттық орта қалыптастыруға және кластерлік тәсілге көшіп жатырмыз. Сонымен қатар спорттың баршаға қолжетімді болуы аса маңызды. Осыған байланысты инклюзивті бағытқа ерекше мән береміз. Басты мақсатымыз – спорт секциясына алғаш келген баладан бастап, Қазақстанның намысын ірі халықаралық жарыстарда қорғайтын спортшыға дейін әр азаматқа қолайлы жағдай жасау, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Сурдотаэквондошы Аян Әбдіраш та қуанышымен бөлісті. Қазақстанның спорт шебері таэквондомен 18 жылдан бері айналысып келеді. Сурдлимпиада ойындарында бірнеше мәрте үздік нәтиже көрсетіп, бір алтын және екі қола медаль иеленген.
– Мен таэквондоны спорттың ерекше әрі сүйікті түрі ретінде бағалаймын. Бұл спортқа мені ата-анам алып келді. Алғашқы кезден-ақ жаттығуға қызығушылығым артып, нәтижелерім де біртіндеп жақсара бастады. Жеңістерге жету үшін тынымсыз жаттықтым. Бүгінгі қолдау мен қамқорлық үшін шын жүректен алғыс айтамын. Облыс әкімдігіне және дене шынықтыру және спорт басқармасына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Аян Әбдіраш.

Салтанатты шара барысында спорт саласының үздік өкілдеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.


Биыл спортта жоғары жетістіктерге жеткен азаматтармен бірге олардың жеңісіне әрдайым демеу болған ата-аналары да назардан тыс қалмай, марапатқа ие болды.

Сондай-ақ спорт ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетіліп, оларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.



