«Жаңа кезеңге қадам басамыз». Президент халыққа үндеу жолдады

340
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DR9tgqi04dp5FNKzFJ8YXFyTHuvtC7SagWLX9GvD.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент науқанды ел тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға деп атап, оның Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатынын айтты.

«Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен, атқаратын жұмыс әлі де көп.

 Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады»,–деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев партиялардың сайлауға жан-жақты дайындалуы үшін оның өтетін уақыты алдын ала жарияланғанын еске салды.

 «Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

 Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады»,–деді президент.

Ол жаңа орган құрамына кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді.

Президенттің пікірінше, бұл сайлау Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына айналмақ.

«Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз»,–деді мемлекет басшысы.

Комментарии