Автобустағы пышақ. Күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы анықталды

1014
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vUZ4trWAbTh3XfrfUEiROVQ09mrSs9UWLeoEiy8G.webp

Алматыдағы қоғамдық көлікте болған төбелеске қатысты тергеу барысында жаңа деректер белгілі болды. Полиция жанжалға қатысқан үш адамды ұстағаннан кейін, олардың бірінің басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін анықтаған, деп хабарлайды "Адырна".

Бұған дейін әлеуметтік желілерде автобуста бірнеше ер адамның жанжалдасып, төбелес шығарған сәті түсірілген видео тараған еді. Кадрларда жолаушылардың көзінше болған жанжал кезінде ер адамдардың бірінің қолынан пышақ көрінген.

Оқиғадан кейін полиция үш адамды ұстап, жанжалдың мән-жайын анықтауға кірісті. Тексеру кезінде 40 жастағы күдіктінің бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болған.

Сонымен қатар, тергеу оның төбелеске дейін бірнеше күн бұрын Жетісу ауданында велосипед ұрлаған болуы мүмкін екенін көрсетті.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің Алматыдағы бірнеше жанармай құю станциясында жасалған ұрлықтарға да қатысы болуы ықтимал екені анықталған. Бейнебақылау жазбаларында ер адамның ЖҚС аумағына кіріп, айналасын бақылағаннан кейін түрлі тауарларды алып, оқиға орнынан кетіп қалғаны көрінеді.

Полиция мәліметінше, осындай жағдайлардың бірінде жанармай құю станциясының қызметкерлері оны тоқтатуға әрекет жасаған. Сол кезде ер адам пышақ шығарып, жұмысшыларға қоқан-лоқы көрсеткен.

Қазіргі уақытта аталған бейнежазбалар мен өзге де дәлелдер қылмыстық іске тіркелді. Тергеу барлық эпизодтың мән-жайын анықтап, күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Комментарии