Отандық телерадио саласының ардагері, белгілі тележурналист әрі ұстаз Марат Иманғалиұлы Сандықбаев 70 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды "Адырна".
Қаралы хабарды журналист Базаргүл Үмбетова әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізіп, марқұмның отандық тележурналистикаға қосқан үлесін атап өтті.
Марат Сандықбаев еңбек жолын 1974-1975 жылдары Жезқазған облыстық телевизиясында кинооператор, кейін телевизия және радио дикторы қызметінен бастаған. Ұзақ жылдар бойы телерадио саласында еңбек етіп, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры, сондай-ақ «Қазақстан ҰТА» бағдарламасының директоры қызметтерін атқарды.
Тележурналистің шығармашылық еңбегі де жоғары бағаланған. Оның «Кімсің сен, Толқынбек?» атты авторлық туындысы одақтық байқауда үздік деп танылып, жүлделі орынға ие болған.
Марат Иманғалиұлының қайтыс болуына байланысты «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан Сандықбаевтар әулетіне көңіл айтты.
«Марат Иманғалиұлы – елдік іске адалдығымен, байыпты болмысымен айналасына сыйлы тұлға, арда азамат еді. Өмір жолында абыройлы еңбек етіп, ұлттық телевизия саласының дамуына зор үлес қосты. Адамгершілігі мен парасаты, ұстаздығы, сабырлы мінезі мен ізгі қасиеттері жадымызда мәңгі сақталады», – деді ол.
Әріптестері мен шәкірттері де марқұмның адамдық қасиеті мен ұстаздық өнегесін еске алды. Базаргүл Үмбетованың айтуынша, Марат Сандықбаев басшылық қызметте жүрсе де, қарапайымдылығынан айнымай, жас журналистерге әрдайым бағыт-бағдар беріп, қамқорлық танытқан.
«Басшымын деп дауыс көтергенін мүлде естімеппін. Қарапайым қалпында жаңа келген жас журналистерге жөн сілтеп, қамқор болып жүретін», – деп еске алды ол.
Марат Сандықбаев құрметті демалысқа шыққанға дейін ұлттық телевизия саласында жемісті еңбек етіп, кейінгі буын журналистеріне мол тәжірибесін үйретті.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтамыз.
