Құрылтай сайлауына қатысты Тоқаев шетелдік әріптестеріне алғыс айтты

215
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xM0pJ9igPZxVRyjw9SZt6jnGPuci3E1nHHkCSjRY.jpg

Тоқаев шет мемлекеттердің басшыларына алғыс білдірді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының алғашқы бір палаталы сайлауының өтуіне байланысты жылы лебізін білдірген шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинге, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтты.

Тоқаевтың пікірінше, өткен парламенттік сайлау Қазақстан азаматтарының бірлігін көрсетіп, халықтың, әсіресе жастардың елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтынын аңғартты. Президент бұл үдерісті отаншылдықтың көрінісі ретінде бағалады.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар мен жан-жақты жаңғыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай сайлауының нәтижелері азаматтардың басым бөлігі елдің қазіргі даму бағытын қолдайтынын көрсетті.

Президент бұл жағдай Әділетті, Озық және Таза Қазақстан құруға бағытталған жоспарларды жүзеге асыруға берік негіз болатынын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев достас мемлекеттердің басшыларына өз елдерінің тұрақты дамуына бағытталған жобалары мен бағдарламаларын табысты жүзеге асыруға тілектестік білдірді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының атына ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭК, ЭЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтау хаттары келген.

Еске салайық, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 74,19 пайызды құрады. Дауыс берген азаматтардың жалпы саны – 9 352 151 адам.

Комментарии