Құрғақшылық, өрт, тайфун. Эль-Ниньо әлемге қауіп төндіріп тұр

239
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8TGcIwcg9v1vJ2pNPkf5exJuJZ3MWcDsrRybilX9.webp

Фото: Getty images

Әлем қауіпті «экстремалды ауа райы құбылыстары» кезеңіне кірді. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” порталы ВВС-ге сілтеп.

Оның айтуынша, бұған Эль-Ниньо құбылысы және оның салдары себеп болып отыр. Оның әсері қазірдің өзінде планетаның барлық дерлік аймағында сезілуде.

Эль-Ниньо – Тынық мұхитындағы жел бағытының өзгеруімен байланысты циклдік табиғи құбылыс. Ол бүкіл әлемде ауа температурасының көтерілуіне алып келеді.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) осы құбылысқа қатысты соңғы деректерді жариялады. Оған сәйкес, қазіргі Эль-Ниньо соңғы 70 жылдан астам уақыттағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін. Ғалымдардың болжамынша, ол кем дегенде 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасады.

Эль-Ниньо әлемнің әр түкпіріндегі ауа райына әсер етеді: кейбір аймақтарда құрғақшылық туындаса, басқа өңірлерде тайфундар мен су тасқындары болады. Метеорологтардың айтуынша, Эль-Ниньоның әсері жаһандық жылыну үдерісімен қатар жүреді.

«Эль-Ниньоның әсері көз алдымызда күшейіп келеді. Ғылыми деректер бізге күмәндануға мүмкіндік бермейді: планетамыз "бейтаныс суларға" (яғни, бұрын болмаған жағдайға)кірді, әрі бұл сулар жылып барады», – деді Гутерриш.

Панама каналы суының тартылуы және Индонезиядағы орман өрттері

ДМҰ метеорологтары Эль-Ниньоның әлемдегі ауа райына әсері 2027 жылы да сезілетінін атап өтті. Олардың айтуынша, алдағы бірнеше айда әлемнің көптеген аймақтарында жауын-шашынның әдеттегі сипаты айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Оңтүстік-Шығыс Азияның, Орталық Американың және Оңтүстік Американың солтүстік бөліктерінің кең аумақтарында әдеттегіден құрғақ ауа райы болжанып отыр. Бұл құрғақшылық пен орман өрттерінің қаупін арттырады.

Панама каналының су деңгейінің төмендеуіне байланысты канал арқылы өтетін кемелер саны 10 пайыздан астамға қысқарады. Тамыз айының соңында Панама каналы әкімшілігі (ACP) теңіз тасымалдаушы компанияларға 15 қыркүйектен бастап канал арқылы тәулігіне 32 кемеге дейін ғана өткізуге болатынын хабарлады. Тамыз айында бұл көрсеткіш тәулігіне 36 кеме болған.

Әдетте Панама каналы арқылы жылына шамамен 14 мың кеме өтеді. Ол әлемдік сауда үшін аса маңызды теңіз жолы ғана емес, сонымен қатар Панаманың негізгі табыс көздерінің бірі. Канал ел бюджетіне жыл сайын шамамен 3 миллиард доллар кіріс әкеледі.

Индонезияда орман өрттерімен күрес жалғасып жатыр. Құрғақшылық маусымында бұл өрттер ел бойынша 107 мың гектардан астам өсімдік жамылғысын жойған.

Индонезияның Орталық Калимантан провинциясының тұрғыны ВВС-ге берген сұхбатында өңірдегі орман өрттерінің бір айдан астам уақыт бойы өршіп тұрғанын айтты.

«Түтін әбден қоюланып кетті. Далаға шыққанда түтіннен көзіміз ашиды. Күйік иісі де өте қатты сезіледі», – деді Дарвин Роми.

Билік өкілдері өртті сөндіруге көмектесу үшін ұшақтардан арнайы реагенттер шашып, жауын-шашын шақыруға тырысып жатқанын мәлімдеді.

Түтіннен миллиондаған жергілікті тұрғын зардап шегіп отыр. Индонезия Денсаулық сақтау министрлігі шілде–тамыз айларында орман және егістік алқаптарындағы өрттерге байланысты тыныс алу жолдары ауруларының 50 мың жағдайын тіркеген. Олардың 12 мыңы — бес жасқа толмаған балалар.

Филиппиндер Индонезияның солтүстігінде орналасқан. Ал Индонезияның батысында Малайзия орналасқан. Ол жақтан да ауадағы түтіннің әсерінен астма мен конъюнктивитке шалдыққандар саны артқаны туралы хабарлар түсіп жатыр.

Индонезиядан мыңдаған шақырым қашықта орналасқан Қытайда метеорологтар жойқын ауа райы құбылыстары болуы мүмкін екенін ескертуде. Болжам бойынша, 2026 жылдың соңына дейін Қытайға жеті тайфун соғуы мүмкін. Метеорологтардың пікірінше, бұл «супер-Эль-Ниньоның» салдарымен байланысты.

Тек шілде айының өзінде Қытай үш тайфунды – «Бави», «Ноул» және «Мейсакты» бастан өткерді. Олардың салдарынан ондаған адам қаза тапты.

Ал тамыз айында «Дельфин» тайфуны қатты жаңбыр мен екпінді жел әкеліп, миллионнан астам адам үйлерін тастап, қауіпсіз жерлерге эвакуациялануға мәжбүр болды.

Шығыс Африканың кейбір бөліктерінде, Бразилияның оңтүстігінде және АҚШ-тың оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болуы мүмкін. Бұл аймақтарда су тасқынының ықтималдығын арттырады.

 

Комментарии