Құрылтайдың алғашқы жиынынан соң депутаттардың айлығы айтылды

186
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bSTCGkvpvUmV8TEeNhTnAbtuk3JddfskMyz2nhe0.jpg

Құрылтай депутаттарының жалақысы 1 миллион теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы 10 қыркүйекте Құрылтайдың алғашқы жалпы жиынынан кейін, парламент төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты.

Оның айтуынша, депутаттардың жалақысы еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Қазір олардың айлығы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетеді.

«Егер депутаттың еңбек өтілі көп болса, оның жалақысы 1 миллион теңгеге жетеді», – деді Дания Еспаева.

Бүгін, 10 қыркүйекте, Құрылтай депутаттарының алғашқы отырысы өтті. Жаңа жүйеге сәйкес, отырыстарды өткізу тәртібі біріздендіріліп, терминология жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірілген.

Сонымен қатар заң жобаларын қарау тәртібі өзгерді. Енді құжаттар үш оқылымда қаралады. Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаты мен міндеттері талқыланады. Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы, оның Конституцияға сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою мәселелері қаралады.

Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау екі оқылымда жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі де жеке регламенттелген. Оның өкілдері өз өкілеттігі шегінде тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатыса алады.

Құрылтайдың алғашқы жалпы жиынына 145 депутаттан 140 адам қатысты. 

Комментарии