АҚШ президенті Ресейге қарсы санкциялар туралы заңға қол қойды

192
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wKmfxyUgbsl26Cd7FjMRlI7mTQPVdOyevxmZPUOF.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

DW дерегінше, құжатты сенатор Линдси Грэм мен Демократиялық партия өкілі Ричард Блюменталь ұсынған. Заң жобасы шамамен бір жарым жыл талқыланған.

Құжатқа сәйкес, АҚШ президентіне Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын бес ірі мемлекетке, сондай-ақ Ресейдің энергетикалық санкцияларды айналып өтуіне көмектесетін бес елге 100 пайызға дейін баж салығын енгізу құқығы берілді.

Сонымен қатар заң Ресейдің мемлекеттік қызметкерлеріне, банктеріне, кәсіпкерлеріне және «көлеңкелі флотына» қатысты санкциялар енгізуді қарастырады. Құжатта Ресейден табиғи газ импорты елдің жалпы тұтынуының 15 пайызынан аспайтын және бұл тәуелділікті азайту бағытында шара қабылдап жатқан мемлекеттерге қатысты ерекшеліктер де қарастырылған.

Бастапқыда заң жобасында Ресейге және оның мұнайын сатып алатын мемлекеттерге 500 пайызға дейін баж салығын енгізу ұсынылған. Кейін бұл мөлшер 100 пайызға дейін төмендетілді. Заң жобасын Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь 2025 жылдың сәуірінде таныстырған. Құжаттың қабылдануы шамамен бір жарым жылға созылды. Линдси Грэм 2026 жылдың 11 шілдесінде қайтыс болған.

Украина президенті Владимир Зеленский заңға қол қойғаны үшін Дональд Трампқа алғыс білдірді. Ол санкциялар Ресейге қысымды күшейтіп, соғысты тоқтатуға ықпал етуі қажет екенін атап өтті.

Заңның соңғы нұсқасында санкцияларды енгізу немесе күшін жою мәселесінде АҚШ президентінің өкілеттігі кеңейтілген. Бұл өзгеріске АҚШ Конгресіндегі демократтар тарапынан сын айтылды.

Комментарии