Арғы жағада. Әзербайжан, Өзбекстан және Түркия теңіздегі қауіпсіздікке жаттықты

268
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cza9TNEBVNpfLb5Kd6LbbBki2oJw6iTysB9HRpc7.webp

Фото: media.az

Әзербайжанда осы елге қоса Өзбекстан және Түркия әскери қосындарының қатысуымен өтіп жатқан «Бірлік күші – 2026» бірлескен әскери оқу-жаттығуы барысында теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шартты тапсырмалар орындалды. Бұл туралы Report жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Каспий теңізінің Әзербайжанға тиесілі акваториясындағы «Бёюк Зиря» полигонында өткен жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің күзет және десанттық кемелері қатысты.

Жаттығуға дайындық жұмыстарына үш елдің әскери қызметшілері белсенді түрде атсалысты.

Оқу-жаттығу барысында теңіз және жағалау инфрақұрылымын қорғау, лаңкестер басып алған кеме мен кепілдегілерді босату, аумақты минадан тазарту, аралға теңіз десантын түсіру, лаңкестердің базасын жою, сондай-ақ жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету және оларды эвакуациялау бойынша тапсырмалар орындалды.

Айта кетейік, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – достас әрі одақтас мемлекеттердің армиялары арасында арнайы операциялар жүргізу тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ бірлескен іс-қимылды ұйымдастыру дағдыларын жетілдіру.

Үш елдің әскери қызметкерлері бірлескен операциялар жүргізу мен бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды пысықтайды. Сонымен қатар оқу-жаттығудың мақсаттары қатарында даярлық рәсімдерін стандарттау, тәжірибе алмасу және жауынгерлік міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін меңгеру бар. Жаттығудың қашан аяқталатыны әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Өзбекстанның үшжақты әскери жаттығуға қатысуы Анкарамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі аясында өтіп жатыр. Сәуір айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Түркиямен әскери мамандарды бірлесіп даярлау, ведомствоаралық байланыстар және әскери-техникалық әріптестік туралы баяндалған болатын.

Кейінірек түрік тарапы Өзбекстанға әскери кеңесшілер тобын жібергенін мәлімдеді. Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, кеңесші топты генерал-майор басқарады. Оның қызметі Түркияның Әзербайжан армиясын жаңғырту барысында жинаған тәжірибесін бөлісуге бағытталған.

Сондай-ақ Ташкент НАТО-ға мүше Түркиядан әскери техника сатып алып жатыр. Бұған дейін Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттары, Ejder Yalçın броньды көліктері жеткізілгені, сондай-ақ ANKA дрондарын сату мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған. Алайда техниканың нақты саны мен келісімшарттардың құны жария етілмеді.

Комментарии