Мұғалімдер мен студенттерді сайлауалды үгітке тартуға тыйым салынды

220
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GBGbO1STVxBSFz1wRRRqwwYMTbLhFAJjXmkh3j2v.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылдың 27 қаңтарында өтетін президент сайлауына қатысты жарлыққа қол қойды. Енді мұғалімдер мен студенттерді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тартуға болмайды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, кандидаттардың пайдасына үгіт-насихат жүргізуге мұғалімдерді, оқушыларды, оқытушыларды, студенттерді, медицина қызметкерлерін, әлеуметтік сала мамандарын және мемлекеттік әрі муниципалдық ұйымдардың өзге де қызметкерлерін тартуға тыйым салынады.

Министрлер кабинетіне заңсыз үгіт-насихатқа қатысқан немесе қызметтік жағдайын кандидаттардың мүддесіне пайдаланған лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды. Қажет болған жағдайда мұндай басшылар мен қызметкерлер қызметінен босатылады.

«Жарлық мемлекеттік және муниципалдық органдардың сайлау процесіне араласуына, сондай-ақ әкімшілік ресурстарды пайдалануға жол бермеуге бағытталған. Орталық сайлау комиссиясына заңнаманы бірізді қолдану және азаматтарды ақпараттандыру бойынша қосымша шаралар қабылдау ұсынылды. Құжатта Қырғызстан заңнамасына сәйкес халықаралық байқаушылардың қатысуы да қарастырылған», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, шамамен бір ай бұрын Садыр Жапаров 2027 жылғы қаңтарда өтетін президент сайлауына қатысатынын ресми түрде растаған болатын.

Комментарии