Фото: NARENDRA MODI
БАӘ-ден Тель-Авивке ұшып бара жатқан Flydubai ұшағында болған оқиға кезінде ауыр жараланған үндістандық ұшқыш Смит Маччхар оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен видеобайланыс кезінде әуе кемесінің командирі Маччхар екінші ұшқыштың өзіне шабуылын жалғастырған кезде еденде жатқанын айтты. Сол уақытта ол ұшақтың биіктігін тез жоғалтып жатқанын түсініп, бір әрекет жасау қажет екенін ұққан.
«Мен жараланып, еденде жаттым. Бірақ өзіме соңғы күшімді жинап, есікті іштен ашуым керек дедім. Өзге адамдар кабинаға кіріп, жағдайды бақылауға алуға көмектесуі қажет болды. Әрине, мен өз өмірім үшін күрестім, бірақ басқа адамдардың қаза болуына жол бере алмадым», - деді ол.
Кабинаға кірген жолаушылар шабуыл жасаған екінші ұшқышты залалсыздандырған. Кейін жолаушылар мен борттағы басқа ұшқыштың көмегімен ұшақ тұрақтандырылып, Сауд Арабиясының Табук қаласындағы әуежайға қондырылған.
Маччхар көп қан жоғалтып, алдымен Табук ауруханасына жеткізілген. Кейін санитарлық авиациямен Абу-Дабиге жөнелтілген. Үндістанның БАӘ-дегі елшілігі оның жағдайы жақсарып, қалпына келіп жатқанын хабарлады.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди ұшқыштың батылдығы мен жылдам шешім қабылдауы көптеген адамның өмірін сақтап қалғанын айтты.
Израиль билігі оқиғаны ұшақты апатқа ұшырату мақсатындағы басып алу әрекеті деп бағалаған. Шабуыл жасаған адам Оман азаматы екені анықталған, ол қазір тергеуде.
Смит Маччхар — Boeing 737 ұшағының тәжірибелі командирі. Оның 15 жылға жуық авиациядағы еңбек өтілі және 9 750 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар. 2022 жылдан бері Flydubai компаниясында жұмыс істейді.
Еске салсақ, оқиға 30 қыркүйек күні таңертең тіркелген. Ұшақ кабинасында болған оқиғадан кейін экипаж төтенше жағдай туралы белгі беріп, Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына шұғыл қонған. Борттағы жолаушылардың барлығы аман-есен түсіріліп, сол күні кешке Flydubai-дың басқа рейсімен Израильге жеткізілген.
Израиль билігі мен жолаушылардың хабарлауынша, екінші ұшқыш әуе кемесінің командиріне пышақ сұққан. Осыдан кейін ұшақ күрт төмендей бастаған. Сол кезде жолаушылар шабуыл жасаған ұшқышты ұстап, оны залалсыздандырған.
Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақты бортта жолаушы ретінде отырған, кезекшілікте болмаған Flydubai ұшқыштары қауіпсіз жерге қондырған.
Оқиғаның мән-жайы әзірге тергеріліп жатыр. Әуе компаниясы тергеу аяқталғанша, асығыс шешім жасамауға шақырды.
Мурат Айтенов ознокомился с профилактическими работами при чрезвычайной ситуации в населенном пункте Елтай
