Экс-президенттің ұлы "билікті басып алу" ісі бойынша сотталды

255
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jowdgZuKtBX6idNSDtCVsxDd68fni3zCrMWwQY9c.webp

Қырғызстанда «Социал-демократтар ісі» бойынша үкім шықты. Елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың 33 жастағы ұлы Қадырбек Атамбаев 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Kaktus.media-ға сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, 2025 жылдың қараша айының соңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деген күдікпен «Социал-демократтар» партиясының өкілдері ұсталған. Сол кезде Қырғызстан ІІМ он адамның қамауға алынғанын хабарлаған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар Жогорку Кеңеш депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын өткізуді жоспарлаған.

Ұсталғандардың қатарында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев, саясаткерлер Темірлан Сұлтанбеков пен Ермек Ерматов, Жогорку Кеңестің бұрынғы депутаттары Қубанычбек Қадыров пен Шайлообек Атазов, кәсіпкер Урмат Барықтабасов, Атамбаевтың бұрынғы оққағары Дамир Мусакеев және басқа да тұлғалар болған.

Бүгін, 8 қазанда Бішкекте бұл іс бойынша жабық режимде сот үкімі жарияланған. Судья кеңесу бөлмесінен оралғаннан кейін айыптау үкімін шығарған. Атап айтсақ, Темірлан Сұлтанбеков 7 жылға, Қадырбек Атамбаев 4 жылға сотталды. Ал Әбдукәрім Әбдірахманов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бұған дейін де Аламүдүн аудандық сотының шешімімен алаяқтық ісі бойынша сотталған болатын.

Ал Ермек Ерматовқа қатысты айып бабы жеңілдетіліп, пробациялық бақылау қолданылды. Ол сот залынан босатылды. Қубанычбек Қадыров толық ақталды.

Сондай-ақ Қазақстан азаматы Серікбай Қабыланбек сот залынан босатылды. Ол жазасын өтеп болғандықтан, кейіннен Қырғызстан аумағынан шығарылатын болды.

Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында Қырғызстан ІІМ Жогорку Кеңеш сайлауынан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеген деструктивті топ мүшелерінің ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу дерегіне сәйкес, топ құрамында саясаткерлер, бұрынғы депутаттар, экс-мемлекеттік қызметкерлер мен күштік құрылымдардың бұрынғы қызметкерлері болған. Олар жақтастарын, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтар мен спорттық қауымдастық өкілдерін тартып, арандату әрекеттері мен күш қолдану арқылы қақтығыстар ұйымдастыруды көздеген.

Ал Қадырбек Атамбаевтың өзі бұған дейін өзіне тағылған айыптың ауырлатылғанын айтып, оған билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бабы бойынша айып тағылғанын мәлімдеген.

Комментарии