Нәрестенің қазасы. Сәбиді анасымен қоса қағып, қашқан адам ізделуде

134
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7LxNSI81XpAJh0pXnhFVkQPjDJ7raQQSXk9C0iXU.jpg

Қызылордада бес айлық сәбиді анасымен қоса көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіге іздеу жарияланды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан сәби көз жұмды, ал ауыр жарақат алған анасы жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп

Қайғылы жағдай 13 қазанда Қызылорда қаласында болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі 26 жастағы әйел мен оның бес айлық ұлын қағып кеткеннен кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ана мен сәби дереу ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің көмегіне қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ал әйел ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылған.

Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Күдіктінің кім екені анықталғанымен, оны ұстау шаралары әлі жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары жүргізушіні сегіз күннен бері іздестіруде.

Қызылорда облысының полиция департаменті 2000 жылғы 1 шілдеде туған Алексей Александрович Великовты іздестіріп жатыр.

Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзды деген күдікке ілінген.

Аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция мәліметіне сәйкес, күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Күдіктінің қайда жүргені туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтардан полицияға хабарласу сұралады. Байланыс нөмірлері:

- 8 (7242) 27-77-01;

- 27-64-71;

- 29-75-07;

- 27-42-06;

- 29-75-69;

- 27-45-47.

Полиция басқармасының мекенжайы: Қызылорда қаласы, Төле би көшесі, 112.

20 қазандағы мәлімет бойынша, әйел есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған. Дегенмен оның жағдайы әлі де тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Дәрігерлер науқасқа қарқынды терапия жүргізуді жалғастырып жатыр.

Комментарии