Фото: Telegram/RustamEmomali
Душанбе қаласындағы Area AI алаңында жасанды интеллект хабы ашылады. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға Тәжікстан билігіне америкалық NVIDIA корпорациясы қолдау көрсетеді. «Азия-Плюс» басылымының хабарлауынша, бұл Орталық Азиядағы осындай алғашқы нысан болмақ, деп хабарлайды “Адырна”.
Инновациялық хабтың таныстырылымы жақында Тәжікстанның Германиядағы елшілігінде өтті. Іс-шараға NVIDIA өкілдерімен қатар IT-индустрияны, әсіресе жасанды интеллект саласын дамытумен айналысатын Armada, VEON, DataVolt, Perplexity және Supermicro компанияларының өкілдері қатысты.
Тәжікстанның Германиядағы елшісі Имомуддин Сатторовтың айтуынша, жобаның іске қосылуы Орталық Азияның тұрақты дамуындағы жасанды интеллекттің рөлі туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарында белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Аталған құжат былтыр шілде айында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның бастамасымен қабылданған.
Ал Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің төрағасы Азизджон Азими Area AI алаңында арнайы экожүйе қалыптастырылатынын мәлімдеді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – озық инновациялық технологияларды ауқымды өнеркәсіптік жобаларға енгізу.
Жасанды интеллект хабын басқару Zehnlab.ai компаниясына тапсырылған. Компания әзірлемелерінің қатарында тәжік тілінде жасанды интеллектпен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін тілдік модель де бар. Қазіргі уақытта Zehnlab.ai NVIDIA компаниясымен бірлесіп, хабтың техникалық бағдарламасын әзірлеп жатыр.
Бағдарлама іргелі және тілдік модельдерді, синтетикалық деректерді генерациялау технологияларын, гидроэнергияны пайдаланатын графикалық процессорлар негізіндегі есептеу инфрақұрылымын қамтиды. Сонымен қатар білім беру, мемлекеттік басқару, қаржы және басқа да салаларға арналған шешімдерді дамыту көзделген.
Бұдан бөлек, хаб Душанбедегі Area AI алаңын Худжанд қаласында болашақ өнеркәсіптік жасанды интеллект паркінің аумағында құрылып жатқан физикалық жасанды интеллект зертханасымен байланыстырады. Бұл Орталық Азиядағы NVIDIA корпорациясының жобаларына сүйене отырып, физикалық жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған алғашқы зертхана болмақ.
Мұндай тәсіл оқыту мен ғылыми зерттеулерді өнеркәсіптік нысандарда технологияларды сынақтан өткізумен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның алғашқы бағыты ретінде тау-кен өнеркәсібінде жасанды интеллектіні қолдану жоспарланған. Атап айтқанда, пайдалы қазбалары бар кенді бос жыныстардан ажыратуға арналған сұрыптау үдерісіне ақылды технологиялар енгізіледі. Кейін үш өлшемді картографиялау және қауіпті әрі жетуі қиын аумақтарды роботтандырылған әдіспен барлау салаларында да жасанды интеллектіні пайдалану көзделіп отыр.
Area AI алаңы Душанбеде биыл қаңтар айында ашылған. Жаңа хаб оның дамуындағы келесі кезең болмақ. Жоба аясында университеттер, әзірлеушілер, стартаптар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар біріктіріліп, Тәжікстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде жасанды интеллектіні оқыту, зерттеу және өндіріске енгізу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, өңірдегі өзге мемлекеттер де жасанды интеллект саласын дамытуға басымдық беріп отыр.
Қазақстан Екібастұз қаласында Data Center Valley немесе деректерді өңдеу орталықтарының алқабын іске қосуға дайындалуда. Мұнда қуаты 1 ГВт болатын жасанды интеллект инфрақұрылымы құрылып жатыр. Алғашқы жобаны 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрайды. Қазақстанның бұл бастамадағы серіктестері – Firebird AI және NVIDIA.
Өзбекстан билігі де Қарақалпақстанда жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына арналған арнайы технологиялық аймақ құруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жалпы құны 8 млрд доллар болатын алты жоба қарастырылған. Олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін кемінде 1 ГВт электр қуаты қажет.
Сонымен қатар Сауд Арабиясының DataVolt компаниясы Ташкент қаласында деректерді өңдеу орталығын салып жатыр. Құрылысқа жұмсалатын инвестиция көлемі 150 млн долларға бағаланады.
