Арменияның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ален Симонян Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, екі ел арасында қақтығыс туындауына жол бермеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна".
Оның сөзінше, Армения болашақ ұрпаққа кек емес, бейбітшілік мұрасын қалдыруы керек.
Симонянның пікірінше, Армения мен Түркияның соғысуына ешқандай негіз жоқ. Ол елде 70 жыл бойы қалыптасқан «Ресейге арқа сүйемесек, Түркия бізді басып алады» деген түсінік шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Неліктен біз түріктермен соғысуымыз керек? Егер олар бізге шабуыл жасауды шешсе, біз қорғанысымызды күшейтіп үлгермейміз. Бізге 70 жыл бойы Ресейге сүйену керек, әйтпесе түріктер бізді жойып жібереді деген жаңсақ түсінік қалыптастырылды. Алайда оның шындыққа еш қатысы жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар Ален Симонян елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін қуатты армия қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, соғыстың алдын алу және келер ұрпаққа бейбіт өмір қалдыру – Армения қауіпсіздігінің маңызды кепілдіктерінің бірі.
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы «Трамп бағыты» (TRIPP) жобасына да тоқталды. Ол сауда байланыстары мен ортақ экономикалық мүдделер қалыптастыру бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететінін айтты. Симонян жобаның экономикалық, дипломатиялық және қауіпсіздік тұрғысынан маңызы бар екенін жеткізді.
Сондай-ақ оның мәліметінше, маршрут Иран шекарасынан шамамен 15 метр қашықтықта өтеді. Сондықтан жобаның рөлін АҚШ, Иран және тұтас өңірдің мүдделері тұрғысынан қарастыру қажет.
«Бұл – экономикалық әрі дипломатиялық жоба, бейбітшілік құралы», – деді Ален Симонян.
Кто виноват в том, что Папа Римский говорил казахам не о святой Мариям-Ана, а нес чушь о шельпеках и домбре?
