Алматы ірі халықаралық конгрестерді тартуға басымдық беріп отыр

223
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vvbPrCK01s3hpLedE0zzNeTsjvRKZiTMLYgquVLX.jpg

Алматы іскерлік туризмнің халықаралық нарығындағы орнын нығайтып, ірі конгрес, форум мен конференция өткізу мүмкіндігін кеңейтіп келеді. 8-11 қараша аралығында Панама-Ситиде өткен Халықаралық конгрестер мен конвенциялар қауымдастығының (ICCA) 65-ші жыл сайынғы конгресінде Almaty Tourism Bureau өкілдері мегаполистің туристік және іскерлік инфрақұрылымын таныстырды. Бұл туралы Алматының Туризм басқармасының өкілдері айтты. 

Биылғы конгреске 80-нен астам елден 1 мыңнан астам маман және 100-ден астам халықаралық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Мұндай басқосулар халықаралық іс-шараларды қай қалада өткізу жөнінде шешім қабылдайтын ұйымдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Almaty Tourism Bureau мамандары Visit Almaty брендімен шетелдік серіктестермен кездесіп, халықаралық конференциялар мен форумдарды Алматыда өткізу мүмкіндіктерін таныстыруда. Әсіресе, медицина, ғылым, технология, бизнес және инновация салаларындағы іс-шараларды қалаға тартуға басымдық берілген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы ICCA әлемдік рейтингінде бірден 10 сатыға жоғарылады. Қалада өткен халықаралық іс-шаралардың жалпы экономикалық әсері шамамен 2,94 млн АҚШ доллары болды. Әр іс-шара қала экономикасына орта есеппен 327 мың доллар кіріс әкелген. Ал халықаралық қатысушылардың әрқайсысы орта есеппен 1 210 доллар жұмсаған.

2027 жылы халықаралық кәсіби қауымдастықтармен байланысты нығайтып, Алматыда өткізуге болатын ірі іс-шараларды анықтау және оларды қалада ұйымдастыруға өтінім беру жоспарланып отыр.
 
Жаңа іскерлік іс-шараларды тарту шетелдік қонақтар санын арттырып, қонақ үйлер мен мейрамханалардың қызметіне сұранысты көбейтуге, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік мамандар арасындағы кәсіби байланысты кеңейтуге жол ашады.

Комментарии