Мирзиёев құрылысқа отандық материалдарды пайдалануға міндеттеді

688
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/u2ytCW2Y28XOU1aaGbK2wTtwTQBLb73pJWKlD1Tu.webp

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстанда 2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатын құрылыс жобаларында негізінен жергілікті өндірістен шыққан құрылыс материалдарын пайдалану тәртібі енгізіледі. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент облысының Паркент ауданында кәсіпкерлермен кездесуде айты, деп хабарлайды “Адырна”.

Мемлекет басшысының айтуынша, отандық құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар үшін мемлекеттік сатып алу порталында арнайы сауда алаңы ашылады. Сонымен қатар Жаңа Ташкент қаласындағы құрылыс салушыларға жергілікті өнімдерді сатып алу мақсатында 200 миллион доллар көлемінде несие желісі ұсынылады.

Құрылыс материалдарының сапасын бақылау және халықты қауіпті өнімдерден қорғау үшін Ташкент, Ферғана және Самарқанд қалаларында заманауи сынақ зертханалары құрылады. Бұдан бөлек, жобалау институттарының жұмысын қайта ұйымдастыру, салаға жаңа технологияларды енгізу және жеке инвесторларды тарту міндеті қойылды.

Президенттің мәліметінше, соңғы он жылда құрылыс материалдарын өндіру саласына 12 миллиард доллар инвестиция тартылып, 5 мыңнан астам зауыт іске қосылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 65 триллион сумға (шамамен 5,5 миллиард доллар), ал экспорт көлемі 1,5 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.

Шавкат Мирзиёев алдағы жылдары құрылыс материалдары экспортының көлемін 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Бұл үшін қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту, өзбек кәсіпорындарын шетелде қолдау және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту көзделіп отыр.

Сонымен бірге президент құрылыс материалдарының сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін айтты. Өйткені кейбір өнім түрлерінің импорты әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Қазіргі таңда оның жылдық көлемі 780 миллион долларды құрайды.

Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстарының өзіндік құнын төмендету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, әртүрлі өңірлерде бірдей нысандардың құрылысына жұмсалатын қаражат көлемі айтарлықтай ерекшеленеді. Бұған делдалдардың көптігі мен жобалық-сметалық құжаттарға бірнеше рет өзгеріс енгізілуі себеп болып отыр.

Кездесу барысында туризм саласын дамыту мәселелері де талқыланды. Президенттің дерегінше, жыл басынан бері Өзбекстанға 11,6 миллион шетелдік турист барған. Соңғы екі жылда туристердің елде орташа болу мерзімі 6,5 күннен 8 күнге дейін ұзарған. Ал төлем қабілеті жоғары саяхатшылардың үлесі 14 пайыздан 21 пайызға өскен. Бір туристің орташа шығыны да 21 пайызға артқан.

Осыған байланысты енді туристік қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берілмек. Бұл бағытта кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары кеңейтіліп, қонақүйлер салуға қаржы бөлінеді. Сондай-ақ салаға арналған салықтық жеңілдіктер сақталады.

Өзбекстан алдағы уақытта шетелдік туристер санын 20 миллионға жеткізуді, туризмнің экономикадағы үлесін 7 пайызға дейін арттыруды және қызметтер экспортын 10 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Шавкат Мирзиёев 25–27 қараша күндері Ташкентте халықаралық туристік инвестициялық форум өтетінін еске салды. Жиынға 25-тен астам елден 100-ден аса ірі инвестор қатысады деп күтілуде. Президент форум аясында нақты келісімдерге қол жеткізіп, оларды болашақта инвестициялық жобаларға айналдыру міндетін қойды.

Комментарии