Әлемдік тәртіп қазір барлығы бірге тұратын, бірақ ешкім жөндеу жұмыстарын жүргізбейтін үйге ұқсайды. Ол үй тағы бірнеше жыл тұруы мүмкін, бірақ егер біз сол қарқында қала берсек, біз «джунгли» заманына қайта ораламыз.
ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында адамзат қазіргі уақытта шешімін табу қиынға соғатын көптеген проблемалар мен мәселелерге кезігеді. Мен адамзаттың өмір сүруіне қауіп төндіретін проблемаларға назар салғым келеді. Бұлар – ядролық соғыс, экологиялық құлдырау және технологиялық серпіліс. Ядролық соғыс пен экологиялық күйреуі – бізге бұрыннан таныс қауіп түрлері, сондықтан мен біз үшін неғұрлым бейтаныс болып келетін технологиялық серпілістен туындайтын қауіп-қатер туралы түсіндіріп өтейін. Біз болашақ технологиялардың пайдасы туралы көп естиміз, және де бұл – әрине, дұрыс, бірақ олар, сонымен бірге, адам қоғамындағы теңгерімді бұзып, адам өмірінің мәнін әртүрлі жолмен өзгерте алады – оған әлемде пайдасыз таптың құрылуынан бастап, отаршылдық пен цифрлық диктатураның пайда болуына дейінгі жағдайларды жатқызуға болады.
- Қажетсіз тап. Әуелі біз әлеуметтік және экономикалық деңгейдегі күйзелістермен қақтығысуымыз мүмкін. Автоматтандыру процесі жақын арада миллиондаған жұмыс орындарын жойып жібереді. Ал жаңа жұмыс орындары үшін (олардың міндетті түрде ашылатыны сөзсіз) адамдардың қажетті білім мен дағдыны уақытылы жинай алатындығына ешқандай кепілдік жоқ.
- Теңсіздік және мәліметтер колониялары. Жасанды интеллект (ЖИ) революциясы тек таптар арасында ғана емес, сонымен қатар елдер арасындағы теңсіздікті тудыруы мүмкін. ХІХ ғасырда Ұлыбритания мен Жапония сияқты бірнеше мемлекеттер индустриалды тұрғыдан бірінші болып дамыды, бұл оларға басқа елдерді жаулап алуға және пайдаланып қанауға мүмкіндік берді. Егер біз «ақырын жүріп, анық баспасақ», ХХІ ғасырда дәл осындай жағдай біздің басымызға ЖИ арқасында түседі.
- Сандық диктатура. Бізге төніп тұрған тағы бір қауіп-қатер – барлығымызды үздіксіз бақылап тұрған сандық диктатураның өсуі. Менің пікірімше, бұл қауіпті ХХІ ғасырдағы өмірді анықтайтын қарапайым формула түрінде сипаттауға болады: Б x Е x А = АБМ (Б х В х Д=ВХЧ). Онда «Б» биологиялық білімді білдіреді, «Е» есептеу қуатын, ал «А» - ақпаратты білдіреді. Көбейтіндінің мәні«АБМ» болады – бұл адамзатты бұзу мүмкіндігі («ВХЧ» — возможность хакнуть человечество). Егер сіздің биология, есептеу қуаты мен деректер туралы біліміңіз жеткілікті болса, сіз менің денемді, миымды және бүкіл өмірімді бұза аласыз, сіз тіпті мені өзімнен де жақсы білетін боласыз. Сіз менің жеке тұлғалық типімді, менің саяси көзқарастарымды, жыныстық қалауларымды, психикамның әлсіз тұстарын, қорқыныштарым мен сенімдерім туралы біле аласыз.
- Философиялық дағдарыс. Біз, адамдар, өмірді шешім қабылдаудағы драма ретінде қарастыруға дағдыланғанбыз. Егер көптеген шешімдер алгоритмдермен қабылданатын болса, адам өмірінің мәні не болады? Бізде мұндай болмысты түсінудің философиялық үлгілері де жоқ!
- Жүйелі ой. Алдағы онжылдықта технология экономика, саясат пен философияны ғана емес, сонымен бірге, биологияны да өзгерте алады. ЖИ және биотехнология бізге үлкен мүмкіндіктер береді, біз тіпті өмірдің жаңа формаларын қалыптастыра аламыз. Табиғи сұрыптау арқылы органикалық тіршілікті 4 миллиард жыл бойына қалыптастырғаннан кейін, біз бейорганикалық тіршілік жүйелі оймен қалыптасатын жаңа дәуірдің табалдырығын аттағалы тұрмыз. Біздің жүйеді ойымыз эволюцияның жаңа қозғаушы күші болады.
«Адырна» ұлттық порталы