«Абай бүгін тірі болғанда, бұрынғыдан да қаттырақ үн қатар еді...»

2665
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/imRgia0GBjAO3kJLhz5KUk0bT058et1lVIY1LKsd.jpg

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әлібек Шегебай соңғы бес жылда Абайдың 45 қара сөзін қазақтың қара өлең өрнегімен қайта жырлап шығып, «Қара сөз қара өлеңге айналғанда...» атты еңбегін ұсынды.

”Адырна” ұлттық порталы ақынмен аталған жобаның туу тарихы, шығармашылық процесі және бүгінгі қазақ қоғамындағы Абай мұрасының мәні жайлы сұхбат құрды.

– Әлібек аға, ең алдымен жаңа кітабыңыз құтты болсын! Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің рухани өзегі бір ме, әлде әрқайсысының энергиясы бөлек пе, алдымен осыған тоқталсаңыз.

– Абайдың өлеңдері де, қара сөздері де  бір адамның, бір дүниетаным иесінің туындылары болғандықтан екеуінің де түпкі мақсаты адамдытүзету, ұлтты тәрбиелеу, қоғамды ойландыру. Осы тұрғыдан алғанда, рухани өзегі бір: «Адам бол!», «Толық адам бол!» – міне, Абай шығармашылығының темірқазығы. Мәселен, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде:

Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға, - десе, 17 қара сөзінде«Ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бірлігі» деп толық адам концепциясын нақтылап береді.

Абайдың өлеңдері ішкі күйдің, жан толғанысының көркем коды. Онда эмоция, көркемдік, лиризм, кейде ашу мен үміт, кейде торығу мен тегеурін басым. Өйткені ол жүректен шыққан сөз. Сондықтан Абай өлеңдері жүрекке әсер етеді.

Ал қара сөздері – салқынқанды, рационалды, ұстаздық үні басым текст. Онда жүйелеу, дәлелдеу, мысал келтіру, шешім айту бар. Ол сана сәулесінен төгілген текті сөз. Осы қара сөздерімен Абай ақылға әсер етеді. Осыдан келіп мынадай тұжырым жасауға болады: Абайдың өлеңі – жанның үні. Қара сөзі – сананың үні. Екеуінің рухы бір, бірақ реңі мен температурасы бөлек. Өлең – адамның ішкі әлемін қозғайды. Қара сөз – сыртқы болмысына бағыт береді. Ал ішкі энергиясы мен көркемдік тәсілі әртүрлі, бірі – жүректі, бірі – сананы тәрбиелейді.

– Абайдың қара сөздерін өлеңге айналдыру – поэзия мен прозаның шекарасында жүру. Сіз өзіңізді осы жоба барысында ақыннан гөрі тәпсірші, тілмаш немесе аудармашы ретінде сезінген сәттер болды ма?

– Абайдай алыптың терең ойын өлеңге айналдыру – бұл жай ғана поэтикалық шығармашылық емес, бұл рухани аударма, мәдени кодты түсіндіру, философиялық мағынаға көпір салу. Кей сәтте мен өзімді тәпсірші ретінде – Абайдың әр сөйлемінің астарын ашуға тырысып, «Мұны ол не үшін айтты?» деген сұрақпен ұзақ ойланып; аудармашы ретінде оның прозалық ойын поэзия тіліне көшіру барысында сөздің тура мағынасы емес, рухани салмағын аударуға күш салдым. Ал тілмаш ретінде Абай мен бүгінгі оқырманның арасында дәнекер болуға тырысып бақтым.

Яғни, бұл жұмыс поэтикалық тәжірибеден бұрын, танымдық, рухани, тіпті интеллектуалдық тәжірибе болды. Ақын ретінде сөзбен ойнауға, образ құруға дағдыланып қалған болсам, мұнда керісінше, ойдың түпкі мағынасын дәл жеткізу басты міндет болды. Кейде өлеңнің ырғағы дайын тұрады, бірақ Абайдың мазмұны соған сыймай қояды. Сол кезде ақындықты шегеріп, мәтінге адал аудармашы сияқты жұмыс істеуге тура келді.

– Қара сөздердің сөздік қорын қазіргі поэзия тілімен үйлестіруде қандай сөздерден бас тартуға тура келді? Қай сөздерге балама таппай қиналдыңыз?

– Абайдың қара сөздеріндегі тілдік қор өте бай және күрделі. Себебі ол кезде қолданылған кейбір сөздер бүгінде қолданыстан шығып қалған, олардың кейбірі араб, парсы, шағатай тілінен енген діни-философиялық ұғымдар. Ал поэзия, әсіресе қара өлең үлгісі нақты ырғақ, буын, ұйқасқа тәуелді. Сондықтан кейде мағынасы терең болса да, буынға сыймайтын, ырғаққа үйлеспейтін кейбір ауыр сөздерден бас тартуға тура келді. Мысалы: «Ғаділет», «мағрифат», «хауас», «заһири», «тахқиқ», «хамса» сияқты сөздер поэзияда сәл жат естілуі мүмкін. Кейбір сөздерге балама табу расымен қиынға соқты. Әсіресе: «Махаббат», «иман», «ақыл», «қайрат», «жүрек» ұғымдары бір қарағанда түсінікті сөздер сияқты, бірақ Абайдың контекстінде олардың мағынасы әлдеқайда терең. Мысалы, «иман» сөзі жай ғана сенім емес. Ол үшін 13 қара сөздегі «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» деген иманның үш шартын түсіндіру керек. Ал оны өлең жолына сыйғызу, мағынасын толық ашу оңай шаруа емес.

Бұдан бөлек, Абай жиі қолданатын: «Мінез», «нысап», «қанағат», «мақтаншақ», «надан», «залым», «мансапқор» сияқты сөздер де қазіргі поэзияда сирек ұшырасады. Бұл сөздердің мағынасы терең, бірақ поэзия тіліне икемдегенде әуезділік пен ұғымдық дәлдік арасында теңдік табу оңай болмайды.

Кейбір жерде сол сөздерді қолдануға да мәжбүр болдым, себебі баламасы оның толық мағынасын бере алмады. Ал кейбір тұстарда синоним, перифраз, образ арқылы жеткізуге тырыстым. Бірақ бұл процессте басты мақсатым Абайдың ойы бұрмаланбауы тиіс деген ішкі ұстаным болды.

– Абайдың қандай қара сөзі сіздің рухани болмысыңызға ерекше жақын болып шықты? Неліктен?

– Абайдың барлық қара сөзі ұлттың ұжданы, адамның өзімен өзі сырласатын айнасы. Бірақ сол айналардың ішінде менің жан дүниеме ерекше әсер етіп, терең толғанысқа жетелегені 7 қара сөз. Бұл сөзді алғаш өлеңге айналдырмақ болғанда, жай ғана мәтін емес, ішкі күреске тап болғандай күй кештім. Өйткені ол адамның ең алғашқы болмысын, жаратылысынан берілген нәпсілік мінезін, сол мінезбен күреске түсу қажетін дәл суреттейді.

Абай «Адам баласы туа сала, есті болмайды...» дей келіп, сол естілік табиғаттан емес, тәжірибеден, еңбек пен тəрбиеден қалыптасатынын айтады. Бұл мен үшін ерекше ашылу болды. Себебі, «тұлға болып туу» мен «тұлға болып қалыптасудың» арасын Абайдай дөп басып айтқан ешкім жоқ шығар.

Бұл сөздегі әр ой мені өз нәпсіммен бетпе-бет отырғызды. Өмірде қанша мәрте жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргім келген сәттерімді, ішсем-жесеммен шектеліп, жан азығын кейінге ысырып тастаған күндерімді есіме салды. Тіпті кейде Абай маған қарап емес, менің ішімдегі жалқау мен еріншекке, тойымсызға қарата айтып тұрғандай сезілді.    

Ал 38 қара сөз менің жүрегімді, жанымды тазартып өткендей. Онда айтылған иманның үш түрлі мағынасы, Алла мен адамның арасындағы байланыс, нағыз сенім мен надан сенімнің ара жігі – бәрі де бүгінгі рухани дағдарысқа қарсы айтылған жауап сияқты. Бұл сөзді түсіну үшін жүрекке үңілу аз, ақыл мен парасаттың серігі қажет екенін сезіндім. Сол себепті, бұл қара сөзді өлеңге айналдыру кезінде өз басым сөздің ғана емес, мәннің де тереңіне бойладым. Осы арқылы мен Абайдың жазғанын емес, жанын оқу дегеннің не екенін түсінгендей болдым.

Сондықтан, осы екі қара сөз – бірі нәпсімен күреске шақырса, екіншісі рухпен жол табуға бастайды. Бірі менің өзімді тануыма себеп болса, екіншісі – Құдаймен байланысымды қайта қарауға итермеледі. Бұл тек оқырмандық тәжірибе емес, рухани қайта туу болды десем, асыра айтқаным емес.

Абайдың идеяларын қазіргі қазақ қоғамына қолдану мәселесіне келсек. Сіздіңше, бүгінгі күннің қандай түйткілді мәселелеріне Абай қалай жауап берер еді?

Абайдың мұрасы біз үшін шаң басқан ескінің шежіресі емес, бүгінгі қоғамның да, келешектің де бағдаршамындай болу керек. Қазіргі қазақ қоғамында белең алып тұрған кейбір теріс құбылыстарды көргенде, Абай сөзі еріксіз ойға оралады. Рухани дағдарыс, масылдық психология, жалған діндарлық, мансап қуушылық, сөз бен істің арасындағы алшақтықмұның бәрін Абай өз дәуірінде-ақ дәл суреттеп, ащы сынға алған.

Егер Абай бүгін тірі болғанда, ол бізге бұрынғыдан да қаттырақ үн қатар еді деп ойлаймын. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі тек жыр емес, бүгінгі қоғамдық сананың ұранына айналары сөзсіз. Ол «мал таппақ» пен «надандықпен күрес» жайлы ойларын тағы да алға тартып, елді ең алдымен білімге, еңбекке, ар-ожданға шақырар еді.

Бүгінгі қоғамға ең қажетті дүниенің бірі де бірегейі – Абайдың «толық адам» тұжырымы. Бұл жай ғана философиялық ұғым емес, нағыз ұлттық идеалдың бейнесі. Өзін де, өзгені де тәрбиелей алатын, парасатты, әділетті, арлы азаматтың үлгісі. Қазіргі таңда бұл ұғым мектептерде, ЖОО-ларда, жалпы қоғамдық деңгейде кеңінен насихатталуы тиіс. Себебі бізге тек заң ғана емес, сананы тәрбиелейтін рухани өзек қажет.

Абайдың сөзі – өмірдің өзі. Керек десеңіз, қазіргі қазақтың санасын серпілтер, көкірегін оятар шындықтың үні. Сондықтан Абайды оқу – тек әдеби мұраны тану емес, өзіңмен рухани сұхбат құру. Бүгінгі қоғамға да ең зәру қажеттілік осы тұжырым. 

– Қара сөздерді өлеңге айналдыруда қазақтың қай ақындық дәстүріне (жыраулық, термелік, ХІХ ғасыр поэзиясы, т.б.) көбірек сүйендіңіз?

– Қара сөздерді өлеңге айналдыру жай ғана бір пішінді екіншіге аудару емес. Бұл сөздің қуатын жоғалтпай, рухын сақтап, жаңа тыныс беру. Осы жауапкершілікті сезінгенде, мен тек бір дәстүрге ғана сүйенуді өзіме тарлық көрдім. Бұл жұмыста менің арқа сүйегенім қазақтың тұтас поэтикалық жадын құрайтын үш бірдей дәстүр: жыраулық тереңдік, термелік насихат, ХІХ ғасыр поэзиясындағы ой мен форма үйлесімі.

Жыраулық поэзия – бұл Абаймен үндесетін тылсым тереңдік. Асан Қайғыдан бастап, Бұқарға дейін жалғасқан «ел қайда барады?, жер неге тозды?» деген сауал – Абайдың қара сөздерінде де жаңғырып тұрады. Сондықтан Абайдың пайымын жыр формасына салғанда, жырауларша көсемсөздік сарын мен афористік құрылымға ден қойдым.

Термелік дәстүр – бұл жүрекке емес, санаға сөз айту. Абайдың көп ойы да тап осы термелік жолмен таратуға лайықты болды.

Ал ХІХ ғасырдың классикалық поэзиясы, Абайдың өзі негіздеген жаңа қазақ өлеңінің өрісі мен үшін бұл жобада формалық тұрғыдан ең негізгі сүйеніш болды. Сөзді кестелеу, ұйқас пен ырғаққа бағыну, философиялық ойды көркем образбен жеткізу осы поэтикалық мектептің үлгісі.

Шынын айтқанда, бұл үш дәстүр де маған сыртқы емес, ішкі сүйеніш болды. Мен оларды қолдануға емес, солармен үндесуге тырыстым. Өйткені Абай – өзі де сол дәстүрлердің заңды жалғасы. Сондықтан мен Абайды өлеңге айналдырған жоқпын, сол дәстүрмен қайта сөйлеттім десем дұрыс болар.

– Қазіргі жастар Абайдың қара сөзін «мотивациялық сөздер», «life coaching» деңгейінде қабылдап жатады. Ал сіздің еңбегіңіз осы тұрғыдан қаншалықты тереңдікке жетелейді деп ойлайсыз?

– Бұл өте өзекті әрі күрделі мәселе. Қазіргі жастар арасында Абайдың қара сөзі көбінесе «мотивациялық цитаталар» немесе «өмірлік кеңестер» ретінде қабылданып жатады. Әрине, бұл оның сөзінің бір қырын ғана ашады. Мен қара сөздерді өлеңге айналдыру арқылы тек сыртқы ұғынықты, жеңіл мотивация беретін тіркестерді емес, Абайдың терең ойларын, адам болмысына деген сыншыл көзқарасын, өмірдің мәнін іздейтін философиялық қабаттарынжеткізуге тырыстым. Бұл жерде мақсат – қара сөздерді жай сөз тіркестері ретінде емес, адам жанының түпкіріне жететін, санаға әсер ететін, рухани диалогқа шақыратын шығармалар ретінде сезіндіру.

Сонымен қатар, қазіргі «life coaching» трендтері көбіне өмірлік табыстар мен өзін-өзі жетілдіруге бағытталған болса, Абайдың қара сөздері адамның ішкі дүниесін, әділеттілікті, шындықты, тағдыр мен қоғамды терең талдауын қамтиды. Менің мақсатым осы тереңдікке жастарды, оқырмандарды шақыру, қара сөздерді тек мотивация ғана емес, сонымен бірге өмірлік философия, рухани бағыт-бағдар ретінде қабылдауға ынталандыру.

Яғни, бұл еңбек Абай қара сөздерінің мазмұнын өлең тілінде насихаттап, жастар мен оқырмандардың рухани деңгейін көтеруге арналған көпір іспетті десек болады. Мотивациядан басталса да, соңында терең ойланып, өзін және әлемді түсінуге жетелейді. Бұл қазіргі заманға сай, бірақ түпкі мәнін жоғалтпай жаңаша жол ашу деп түсінемін.

– Сізден кейін біреулер Абайдың 45 қара сөзін рэп, ән, тіпті анимациялық формада ұсынса, қалай қабылдайсыз? Көркемдік трансформацияның шегі бар ма?

– Мен Абай шығармаларын кез келген жаңа форматта – рэп, ән, анимацияда немесе басқа да көркем тәсілдермен ұсыну – оның рухын әрі қарай кеңейту, заманауи аудиторияға жеткізу жолы болар еді деп ойлаймын. Әдебиет пен өнердің басты ерекшелігі де үнемі жаңарып, әртүрлі түрленіп отыруында ғой.

Көркемдік трансформацияның нақты «шегі» деп айту қиын, өйткені әр ұрпақ пен әр мәдени контекст өзіндік түсінік пен тіл табысу жолдарын іздейді. Музыка – идеологиялық құралдың бір түрі. Осыдан бірнеше жыл бұрын  әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Мен қазақпын!» рэп-әні талай жастардың бойына рух беріп, ұлтқа деген мақтаныш сезімін оятқаны рас. Сол рэп-ән арқылы Жұбан ағамыздың өлеңі бүгінгі жастар санасына қайта бір сілкініс жасады десек болады. Бұл жерде ең маңыздысы шығарманың терең ойы мен рухани деңгейі өз қалпында сақталуы тиіс. Егер бұл өзгерістер оның мәнін бұзбай, тереңдігін кемітпей, керісінше жаңаша деңгейге көтерсе, мен оны құптаймын.

Бірақ, әрине, шығарманың түпнұсқалық рухына зиян келтіретін, оны тек коммерциялық мақсатта ғана пайдаланып, мәнін жоғалтып алатын трансформацияларға сын көзімен қарау керек.

– Болашақта осы өлеңдерге аудио, видео форматта life-learning материал (мысалы, радиоқойылым, анимация, подкаст) жасау ойыңызда бар ма?

– Иә, мұндай идеяны өте тиімді әрі өзекті деп санаймын. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін аудио және видео форматтарға көшіру қазіргі заманның қарқынды ақпарат қабылдау дәуірінде тыңдаушылар мен көрермендердің кең аудиториясына жетудің таптырмас жолы. Радиоқойылым, анимация, подкаст сияқты форматтар арқылы рухани маңызын, философиялық тереңдігін жүрекке жұмсақ әрі әсерлі жеткізуге болатын шығар. Ол саладан тікелей хабарым болмағандықтан әзірге ештеңе айта алмаймын.

Осыдан екі жыл бұрын Қазақ радиосының қызметкері Әсел Асқарқызы «Қара сөз қара өлеңге айналғанда...» деген атпен арнайы поэзиялық шығарылым дайындап, тыңдарманға ұсынған еді. Көптеген адамдар хабарласып, жақсы пікірлерін білдіріп жатты. Бірақ, ол кезде 45 өлең толық жазылып бітпеген болатын.

Жақында Талдықорғаннан талантты жазушы Есболат Айдабосын інім хабарласып, осы өлеңдерді жаңа бір дауыста қайта оқытып облыстық «Жетісу» радиосының тыңдармандарына ұсынсақ деген тілегін білдірді. Әрине, келістім. Мұның бәрі де хәкімнің мұрасын халыққа дәріптеудегі құптарлық дүниелер.  

Сонымен қатар, life-learning материалдар ретінде қолдану, яғни адам өміріне қажетті сабақтар мен мотивация беретін мазмұнға айналдыру бұл да үлкен әлеует. Қазіргі жастар мен үлкен аудитория үшін Абай шығармаларының мағынасы осындай интерактивті, визуалды және аудиожүйелерде әлдеқайда жеңіл әрі жылы қабылданады деп ойлаймын.

Бұл еңбек сіз үшін әдеби нәтиже ме, әлде ұлтқа қалдырған аманат па?

– Бұл еңбек мен үшін әдеби шығармашылықтың нәтижесімен қатар, үлкен жауапкершілік деп білемін. Өйткені, Абайдың қара сөздері мен өлеңдері біздің ұлттық санамыздың, руханиятымыздың алтын қазығы. Сол себепті, оны қайтадан өмірге әкелу, жаңа формада ұсыну, тек әдебиетке ғана емес, ұлтқа қызмет ету жолындағы маңызды қадам.

Бұл ұрпақтан ұрпаққа жететін тәлім мен тәрбие, даналық пен болашаққа деген сенімнің белгісі. Сондықтан бұл еңбек менің шығармашылық табысым ғана емес, сонымен бірге ұлы Абайға деген рухани тағзымым деп түсінемін.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Yorumlar
Diğer Haberler