"Мың өліп, мың тірілген" қазақ ақыны

1345
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cUITa00h1LF2zx0euGt1KhONizmdy8TLnNwHiuoB.webp

Бүгін – бар қазақтың жүрегінде "Мен – қазақпын" деп жатталып қалған, ірі эпик ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1978), Қазақстанның Халық жазушысы (1985) Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жұбан Молдағалиев – Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

1948-1952 жылдары — «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары.

1952-1954 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші.

1955-1956 жылдары — «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары.

1957-1963 жылдары — «Жұлдыз» журналының бас редакторы.

 1963-1971 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

1973-1983 жылдары — КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы.

1979-1983 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1983-1988 жылдары — шығармашылық жұмыспен айналысты.

Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т. б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді.

 Жұбан Молдағалиевтің ең танымал шығармаларының бірі «Мен — қазақпын» поэмасы 1964 жылы жарық көрген. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол, словак және басқа да тілдерге аударылған.

Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

Ақынның 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін елдің жаңа басшылығы алдында, алаңға шыққан жастарды жақтап сөйлеуі оның мәртебесін асыра түсті. 

 

Yorumlar
Diğer Haberler