«Спорт – тек медаль емес, ол – мінез, өмір философиясы»

717
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aWaz75EytcDzzOuwuHtM44r4N9h6x5U8pzykwakd.jpg

Моңғолиядан басталған балалық арман бүгінде халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшының өмір жолына айналды. Дзюдо мен джиу-джитсуды қатар меңгеріп, АҚШ-тағы жарыстарда жүлде алған, білім мен спортты үйлестіре білген жас чемпион – Аманбек Тилекберд. 

Қазіргі таңда ол АҚШ-та MBA бағдарламасы бойынша магистратурада білімін жалғастырып, спорттағы тәжірибесін басқару мен көшбасшылық қабілетпен ұштастыруда.
«Адырна» ұлттық порталы Аманбекпен жеңістерінің сыры және болашақтағы жоспарлары туралы сұхбаттастық.

- Аманбек, бүгінде ел намысын қорғап, спортта жақсы жетістіктерге жетіп жүрсіз. Сізді бірі таныса, бірі біле бермейді. Алдымен, өзіңіз жайында айтып өтсеңіз?

- Мен Моңғолияда дүниеге келдім. 2016 жылдан бастап күрес спортында бағымды сынап келемін. 2018 жылы «Монғолияның спорт шебері» атағына ие болып, 2019 жылы Ұлан-Батыр қаласында өткен белбеу күресінен чемпион атанып, сол жылы тарихи отаныма, Қазақстанға қоныс аудардым.

Қазақстанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып, жоғары оқу орнын тәмамдадым. Қазіргі таңда АҚШ-та магистратурада MBA (іскерлік басқару) мамандығы бойынша білімімді жалғастырып жүрмін.

Негізгі спорт түрім – дзюдо, сонымен қатар джиу-джитсумен де айналысамын.

«КҮРЕС – МЕНІҢ ТІЛІМ, ӨМІР САЛТЫМ»

- Сізді дзюдо спортына алып келген басты себеп не болды? Бәрі қалай басталғанын айтып берсеңіз.

- Бала күнімнен ішкі рухым жеңіске, табандылыққа жетелейтін. Аулада ағалармен күресіп, ойнайтынмын. Сол бір қарапайым ойын үлкен арманға айналды. Алғаш рет кілемге шыққан сәтте ерекше толқыныс болды, жүрегім дүрсілдеп, көзім тек алға қарады. Сол сәт менің өмір жолымды анықтады. Күрес – менің тілім, өмір салтым болды.

- 2018 жылы Моңғолияда “Спорт шебері” атандыңыз. Ал Қазақстанға көшкеннен кейін спорттағы бағытыңыз қалай өзгерді?

- Иә, Моңғолияда менің спорт жолым ұлттық күрестен басталып, сол арқылы “Спорт шебері” атағын алдым. Ал Қазақстанға көшкеннен кейін жаңа белеске қадам басып, дзюдо бағытына ауыстым. Бұл оңай шешім болған жоқ- жаңа ережелер, жаңа әдістер, жаңа көзқарас қажет болды. Бірақ дәл осы өзгеріс менің спорттағы көкжиегімді кеңейтіп, өзімді жаңа қырымнан танытты. 

- Қателеспесем, сіз джиу-джитсудан Қазақстанның үш дүркін чемпионысыз. Осы дзюдо мен джиу-джитсуда қатар өнер көрсету қиын емес пе? Бұл екі спорт түрін қалай үйлестіресіз?

- Әрине, кейде қиындықтар болады. Бірақ мен үшін бұл екі спорт бір-бірін толықтырады. Дзюдо – тәртіп пен дәлдік мектебі, ал джиу-джитсу – еркіндік пен төзімділіктің сабағы. Екеуін үйлестіру арқылы мен өз денем мен ойымның тепе-теңдігін табамын. Бұл менің спорттағы философиям десем де болады.

«БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ЕҢ МЫҚТЫ ИНВЕСТИЦИЯ»

- Сіз спортпен қатар білімге де баса мән беріп келесіз. MBA бағдарламасында спортшы ретіндегі оқудың қиындығы бар ма?

- Оқу мен спортты қатар алып жүруге тырысамын. 2025 жылы АҚШ-тың Майами қаласында өткен халықаралық жарыста дзюдодан қола, ал джиу-джитсудан күміс медаль иеленіп, еліміздің атын тағы бір мәрте әлемдік аренада таныттым.

Мен үшін спорт – тек нәтиже емес, ерік-жігер мен тәртіптің мектебі. Ал білім – болашаққа салынған ең мықты инвестиция деп санаймын.

Спорт пен оқу – екеуі екі әлем сияқты көрінгенімен, мен үшін екеуі де бір мақсатқа жетелейді. Ол – өзіңді жеңу. MBA бағдарламасы мені стратегиялық ойлауға, көшбасшылыққа және шешім қабылдауға үйретті. Бұл білім болашақта спорт саласын басқаруда, жаңа жобаларды дамытуда үлкен көмек болады деп сенемін.

- Айтып өткеніңіздей, 2025 жылы АҚШ-та өткен жарыста екі түрлі спорттан жүлде алдыңыз. Осы жеңістер туралы айта кетсеңіз.

- Бұл жеңістер менің өмірімнің ерекше белесі. Әр медаль артында сансыз сағат жаттығу, шаршау, жарақат және қайта тұру бар. АҚШ-тағы жарыста жеңіске жету-тек менің емес, мені қолдаған барша жандардың ортақ жеңісі. Сол сәт менің өз күшіме, өз жолыма деген сенімді нығайтты.

- Халықаралық аренада ел намысын қорғау сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

- Ел атынан аренаға шығу-үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сен артыңда миллиондаған адамның үміті тұрғанын сезінесің. Сондықтан әр жарыс мен үшін жай бәсеке емес,өз тамырыңа, өз халқыңа деген құрметтің көрінісі.

- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстан спортына қандай үлес қосқыңыз келеді?

- Болашақта өз тәжірибемді жас спортшылармен бөлісіп, спорт арқылы тәрбиелеу – менің басты арманым. Жастарды рухани да, физикалық тұрғыда мықты тұлға етіп қалыптастыруға атсалысқым келеді. Себебі спорт – тек медаль емес, ол мінез, ол өмір философиясы.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Yorumlar
Diğer Haberler