Қазақстанда биыл тоғыз айдың ішінде 139 жасөспірім суицид жасап, көз жұмған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлады.
«Тоғыз айдың ішінде кәмелетке толмағандар арасында 432 суицид тіркелді. Оның 139-ы – өліммен аяқталған, 293-і – өз-өзіне қол жұмсауға талпыныс жағдайы», – деді Әділов дүйсенбі күні ІІМ кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, ІІМ жасөспірімдер арасындағы суицид себептеріне талдау жүргізіп, негізгі себеп – отбасы ішіндегі жанжал екенін анықтаған. Таңғаларлығы, көз жұмғандардың 62%-ы толық әрі материалдық жағдайы жақсы отбасылардан шыққан.
«Біз анықтаған бірнеше себеп бар: бұл – қайтарымсыз махаббат, сондай-ақ ата-ананың ұзақ уақыт телефон қолдануға тыйым салуы сияқты жай ғана факторлар да түрткі болуы мүмкін. Өкінішке қарай, жалпы динамика бойынша суицид көрсеткіші сәл де болса өсіп отыр», – деді Санжар Әділов.
ІІМ мәліметінше, балалар арасындағы суицид мәселесі қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында басым бағыттардың бірі ретінде қаралуы үшін министрлік Білім және денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті ұсыныс жолдаған.