Шәкәрім атында. Қазақ-қытай зерттеулер орталығы ашылды

1037
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/C8dGpFqQ504JeZ7jaaPGLFYT0ER4TLBJ8vNQkC9g.jpg

Қытайдың Xi’an Jiaotong University жанынан «Шәкәрім» мәдени зерттеулер орталығы ашылды. Бұл туралы бүгін, 10 қарашада Ғылым және жоғары білім министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрлік Қытайдың Сиань Цзяотун университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының озық ғылыми-технологиялық жетістіктерімен алмасу жөніндегі халықаралық конференция ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

«Конференция аясында Сиань Цзяотун университеті тарапынан Шәкәрім университетіне «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына» арналған жабдықтардың алғашқы партиясын беру туралы естелік сертификат табыс етілді. Сондай-ақ «Шәкәрім» қазақ-қытай мәдени зерттеулер орталығының салтанатты ашылуы өтті»,- делінген хабарламада.

Жаңадан құрылатын зертхана екі ел арасындағы технология алмасу мен өндірістік серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарып, ғылыми жаңалықтарға негізделген ортақ экономикалық тізбектің дамуын жылдамдатады. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі инновацияларды дамыту, өндірісті жаңарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Ал «Шәкәрім» қазақ-қытай мәдени зерттеулер орталығы –  ұлы ойшылдың шығармашылығы мен философиясына арналған шетелдегі тұңғыш институционалды орталық. Халықаралық деңгейде ашылып отырған орталықтың негізгі міндеті – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, соның ішінде Шәкәрім мұрасын терең зерделеу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырудағы өзара тиімді платформаны қалыптастыру, қазақ мәдениетін Қытайда кеңінен таныстыру, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту.

Айта кетейік, орталық Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Шәкәрім университеті мен Сиань Цзяотун университетінің серіктестігінің нәтижесінде ашылып отыр. Келушілер орталықтан Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен мол мұрасы туралы қазақ және қытай тілдерінде толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі мәдени даму кезеңдері туралы материалдар ұсынылады.

Yorumlar
Diğer Haberler