Шымкенттегі «Азаматтарға арналған үкімет» филиалында жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Депутат Үкіметке сауал жолдады

935
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qYiWsEIUsjcZ2XnFJAgesQkUkcjOWJgs81n1DSTn.jpg
Шымкент қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалына қатысты бірқатар заңсыздықтар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, соңғы айларда тіркелген үш ірі факті бір ғана жүйеге — Шымкенттегі филиалдың бақылау мен басқару тетіктеріне барып тіреледі.
 
Әлеуметтік төлемдерді ұрлау дерегі
Жуырда Шымкентте жалған жұмысқа орналастыру арқылы жүкті әйелдердің атына әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасы әшкереленді. Тергеу деректері бойынша, айыпталушылар бөгде тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, мемлекеттен төлем алып келген.

Мемлекетке келтірілген залал көлемі 217 миллион теңгеден асқан. Депутат бұл жағдайды «ішкі бақылау жүйесінің істен шығуының айқын дәлелі» деп бағалады.
Заңсыз жүргізуші куәліктері
Бұған дейін дәл осы қалада жүргізуші куәліктерін емтихансыз сату фактісі бойынша ірі қылмыстық іс қозғалған. Ресми мәліметке сәйкес, 500-ден астам адам емтихан тапсырмай-ақ куәлік алған, ал «қызметтің» құны 150–400 мың теңге аралығында болған.
Ұйымдасқан топтың жалпы табысы 150 миллион теңгеден асып түскен. Депутат мұны да жүйедегі бақылау мен жауапкершіліктің әлсіздігінен деп есептейді.
 Шетелдік азамат атына рәсімделген ЭЦҚ
Тағы бір сорақы дерек – шетелде жүрген адамның атына ЭЦҚ рәсімделіп, ол Қазақстан аумағында белсенді қолданылған.
Аталған қолтаңбамен компаниялар тіркеліп, салық есептері, бухгалтерлік құжаттар және сот істері жүргізілген.
Әлиевтің пікірінше, бұл – мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі қауіпсіздік пен заңдылық қағидаларының өрескел бұзылуы.
Басқару қай деңгейде әлсіреген?
Депутат барлық заңсыздықтың бір филиал аумағында тіркелуін басқарушылық дағдарыс деп атады.
«ЭЦҚ иесінен тыс рәсімделіп, әлеуметтік төлемдер ұрланып, жүргізуші куәліктері сатыла бастаса – бұл жеке қызметкердің емес, бүкіл басқару жүйесінің әлсіздігі», – деді ол.
Ұсынылған шаралар

Мәжіліс депутаты мәселені шешу үшін бірқатар нақты қадамдарды ұсынды:
1. Филиал басшылығының кәсіби жарамдылығын және жауапкершілігін тексеру;
2. ЭЦҚ рәсімдеу, жүргізуші куәліктерін беру және әлеуметтік төлемдер процестеріне тәуелсіз аудит жүргізу;
3. Соңғы үш жылдағы барлық ЭЦҚ, әсіресе шетел азаматтарына берілген қолтаңбаларды қайта қарау;
4. Әр бұзушылық бойынша жеке қызметкерлермен қатар, басшылық деңгейінде де жауапкершілік жүктеу.
Болатбек Әлиев бұл деректердің барлығына байланысты Үкімет басшылығына депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді.
Ол сауалда Шымкент филиалында анықталған заңсыздықтар, ЭЦҚ рәсімдеу кезінде кеткен бұзушылықтар және әлеуметтік төлемдер мен жүргізуші куәліктеріне қатысты тергеу нәтижелері жан-жақты қаралуы тиіс екенін айтты.
«Мақсат – кінәлілерді ғана емес, жүйелік әлсіздікті анықтап, оны түбегейлі жою», – деді депутат.
Мәжіліс өкілінің айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» халық сенімін қайтарғысы келсе, бақылау мен қауіпсіздік қағидаттары формалды емес, нақты жұмыс істейтін механизмге айналуы тиіс.
Yorumlar
Diğer Haberler