Темірше ақынның тәлкекке түскен тағдыры

741
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nhWKUGJKYb8HN2Lx1RVCGxV5400AspWgykuycNJl.jpg

18 қараша – ақын Темірше Сарыбаевтың туған күні. 40 жасында Қызылордадан Алматыға көшкен ақын 71 жасында туған жеріне қайта оралған. Әуелде қала орталығында пәтер жалдап тұрды. Кейін қала шетiндегi саяжайға орнықты. Одан кейін ақын Қызылорда қаласынан 30 шақырым жердегi Қаракөл ауылына көшкен. Қаракөлдегі ғұмыры 2-3 күннен аспады. Ақынның туған күніне орай туған жеріндегі тағдыры жайлы эпик жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіптің естелігін ұсынамыз. 

Ол кезде мен елдемін, Мәдениет басқармасының тұтқасындамын. 

— Темкең көшіп келді. Ақын Темірше Сарыбаев еліне келіпті, - деген сөздер бұрқ ете қалды. 

— Міне, енді барамын, сәлем беремін, — деп жүргенде: «Берікжан!» - деп өзі кіріп келді, күркіреп. 

Алматыда жүргендегідей, ашылып көп сөйлесе алмадық. Шаруабасты екенімді көріп отыр. Сол екі аралықта бастығым да іздеп жатыр екен. Хабарласатынымды айттым да, жүргізушіме Темкеңді үйіне жеткізіп салуды тапсырдым. Шығып бара жатып құлағыма: «Шаруа бар», — деп сыбырлады. 

— Қайда тоқтапты? - дедім жүргізушімнен, апарып салып келген соң. 

— Дачаға… 

— Қайда?..

— Аға, дачаға тоқтапты, семьясымен… 

Бір түрлі болып кеттім. Е, айтқысы келген шаруасы осы екен ғой. Айналайын, ағатайым-ай, сенің бұл өтіліңді мен шеше алмаймын ғой. Олар да шешепейді. Күні түсетін кісілердің сөзі болмаса. 

Көп уақыт ұзай қойған жоқ, Темкеңді іздеп бардым. Ұзақ сөйлестік. Әкімнің орынбасарына кіріп, жағдайын білдіргісі келетінін, ең болмаса жатақхана сұрайтынын айтты.  Бұл ойын қоштамасам да, қарсы тұра алмадым. Ішім сезіп тұр. Өзің Құдай болмаған соң, көретің күнің осы екен ғой.

Сонымен, бардық арзу болған әлгі орынбасарға. Әуелі бір әңгіменің ретіне іркілдеген денесімен екі иығы селкілдеп күлді. Ал баспана жайы айтылғанда… Көргенсіз екен, сөкті. Сөккенде де жаман сөкті, жер-жебіріне жетіп. 

— Сен кімсің?! Мына елге не істедің, қандай еңбегің сіңді баспана сұрайтындай? Не бетіңмен келіп тұрсың менің алдыма? Адам деген ұялу керек қой үп-үлкен басыңмен. 

…Құдай-ау, мына көргенсіздің кабинетінің есігі қай жағында еді? Тұтқасы бар ма еді, өзі? 

Теңселіп кеттім. Меңді қара кісі ғой, өңі қошқылданып, күреңітіп кеткен екен. Е, бұл дәрменсіз күйде тұрған жанның бір заманда бокстан спорт шебері болғанын, Алашқа танымал ақын екенін мына дәйіс қайдан білсін. Қалай қылайын, өлеңді, өнерді түсінеді деп келгендегі сиқының ақыры мынау. 

Көзім түсіп кетті. Отырған орнынан сүйретіліп, әрең тұрып келе жатыр екен. Жүгіре шығып, алдына түсіп, есік аштым. Сонда байқадым, тіпті қарайып кетіпті. Тілін жұтып қойған адам сияқты, ләм-мим деп ауыз ашпады. Тек, менің қызметтік көлігіме мініп бара жатып: 

— Әттеген-ай, сенің сөзіңе бекер құлақ аспаған екенмін, Берікжан, - деуге жарады. Мен көліктің есігін жаптым, сыртынан. Сүлік қара "Камри" жылжып кетті. 

Көп ұзаған жоқ: «Темкең жүріп кетіпті…», — деген суық хабар сумаң ете қалды. Біреу келіп үстіме қара суық бірдеңені қотара салғандай болды. Әттең-ай, қайран Темкең, ер-тұрманы бүтінделмей кеткен есіл сүлейім-ай. 

Амал қанша, мәңгілік жайы туған ауылынан бұйырды. Ақын өлді, орындалмаған армандарымен қоса көміп қайттық. Қалаға келген соң оны сырттай білген бірнеше жігіт бас қосып, түнімен есімізден танғанша іштік. Қолдан басқа ештеңе келмеді…

….Әлгі неменің сол күні ақынға айтқан сөзі құлағымның түбінде әлі тұр. Есіме түссе кейде түн ұйқымнан шошып оянамын. Көзімді ашып алсам қара терге шомып, дем жетіспей жатады. 

Берік Жүсіпов

Yorumlar
Diğer Haberler